БҚО-да шекарадағы кезек азайып келеді

Осы аптада Батыс Қазақстан облысының Ресеймен шекарасында ұзын-сонар кезек пайда болды.

Самара-Шымкент күре жолының бойындағы жүк көліктерінен құралған кезектің ұзындығы кеше 30 шақырымға дейін барса, бүгін 8 шақырымға түскен. Тәуліктеп жолда тұрған жүргізушілер кестеден кешіккендеріне, тауарды уақытылы жеткізе алмайтындарына қынжылады. Ал мамандар шекарадағы кептелістің бір себебі ауа райының күрт бұзылуынан екенін айтады. Көрші облыстардағы боран мен көктайғаққа байланысты жолдар жабылып, жүздеген көлік жиналып қалған. Сонымен қатар, қазір екі ел арасындағы бейтарап аймақтың толып қалуы Ресей кеденшілерінің көліктерді тексеріп үлгере алмай жатқандарын аңғартса керек. Ал қазақстандық шекарашылар мен экспорттық бақылау қызметі штаттық режимде жұмыс істеп жатыр, - дейді Мемлекеттік кірістер департаменті өкілдері.

Қайрат Ахетов, БҚО Мемлекеттік кірістер департаментінің Экспорттық бақылау бөлімінің басшысы:

- Біз жақтан еш кедергі жоқ. Әр көлікті тексеруге регламент бойынша берілген 5 минутқа сыйып жатырмыз. Бірақ қазір көрші елдің бақылау бекеті мен екі ортадағы бейтарап аймақта жүк көліктері толып тұр. Оларда күшейтілген тексеріс боп жатыр ма, инспекциялық қарау кешендері бұзылып қалды ма, ол жағы бізге беймәлім. Әріптестеріміз ол жөнінде бізге ақпарат бермейді. Олар да штаттық режимде жұмыс жасап жатырмыз дейді.