Елорда тұрғындары тегін құқықтық кеңес алды

Бүгін Елорда тұрғындарын «Халық заңгері» акциясы аясында тегін құқықтық кеңес алды. 

«Заң мен тәртіп» қағидаты шеңберінде қолға алынған шара барысында мемлекеттік орган өкілдері, адвокаттар мен заңгерлер азаматтардың құқықтық мәселелерге қатысты түйіткілді сауалдарына жауап берді. 

Халық базынасына құлақ түріп, құқықтық мәселелерді жедел шешуді көздейтін акция бірнеше айдан бері өтіп келеді. Бұл жолғы қоғамдық қабылдауда мемлекеттік орган және қоғамдық бірлестік өкілдерінен құралған 30-ға жуық маман тұрғындардың сан қиыл сауалдарына жауап берді.

Жолдас Асқаров, Алматы ауданы прокурорының орынбасары:

- Мамандар азаматтарға тұрғын-үй құқығы, әлеуметтік қамсыздандыру, еңбек қатынастары, отбасылық заңнама және өзге де бағыттар бойынша кеңес берді. Акция елорданың барлық аудандарында өз қызметін жалғастыруда. Әрбір тұрғын үшін білікті заң көмегін қамтамасыз етуде.

Әділдік іздеп шарқ ұрған ағайын мамандарға көбіне қылмыстық кодекс, тұрғын үй және жанұялық мәселелерге қатысты жүгінген. Инфрақұрылым жүйесі мен әлеуметтік сұрақтар да назардан тыс қалмады.

Динара Малғаждарова, Астана қаласының тұрғыны:

- Қоңыраулы-Шабыт көшелерінде жыл сайын көктем мезгілінде су басып, ылғи асфальттың бойы суға лық толы болады. Сол себепті мәселелерімді шешуге келгенмін. Мамандарға сұрақтарымды қойдым, нақты жауабымды алдым.

Дана Орынғалиқызы, Астана қаласының тұрғыны:

- Өзім әлеуметтік салада жұмыс жасайтындықтан, мүмкіндігі шектеулі немесе мүгедек балаларға қандай мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырылған сол ретінде сұрақ қойған болатынмын. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі, мүгедек, үйден оқитын балаларға мемлекеттен жақсы көмектер қарастырылған екен. Қаншама халық өзіне керекті сұрақтарына жауап ала алды деп есептеймін.

Құқықтық шара бас қаланың әр ауданында ай сайын өтеді. Мақсат билік пен қараша халықтың арасындағы байланысты бекітіп, мемлекеттік қолдау таныту.

Авторлары: Назым Кенжебай, Ғалымжан Абдылахат