Петропавлдағы жыл сайын су басатын тұрғын аудан көшіріледі
Петропавлда көктемгі тасқыннан жыл сайын зардап шегетін тұрғындарға тағы бір көп қабатты үй салынады.
Қазір 117 пәтерлі үйдің жобалық құжаты мемлекеттік сараптамаға жолданып, бюджеттік өтінім дайындалып жатыр. Бұл баспанаға қала шетіндегі қауіпті аймақ болып саналатын - Зарченый кентінде тұратын отбасылар қоныстанады.
Петропавлдағы Заречный кентін әр көктем сайын су басады. Осыған байланысты қауіптің ортасында қалатын тұрғындарды көшіру жөнінде шешім қабылданды. Былтыр оларға 90 пәтерлі алғашқы тұрғын үй салынды. Қоныс тойын тойлағандардың бірі Күлбаршын Молдағалиева.
Күлбаршын Молдағалиева, қала тұрғыны:
- Көрген бейнетіміздің бәрін бір сағаттың ішінде ұмытып, жаңадан үй алып жатырмыз. Тұрған жері, бәрі жақсы. Бұл маңай өте жақсы. Жаңа аудан. Жанында больница бар. Мектеп жанымызда.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Қазір Петропавлда көктемгі тасқыннан жыл сайын зардап шегетін тұрғындарға тағы бір көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Оның құрылысына облыстық бюджеттен 2,8 млрд. теңге бөлінген. Бұл жерге 72 отбасы қоныстанады деп жоспарланып отыр.
Заречный кентінде қазір 200-ге жуық отбасы тұрады. Биыл оларды көшіру үшін үшінші үйдің құрылысы басталады. «Онда 117 пәтер болады», - дейді мамандар.
Бердімұрат Баймұқан, қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:
- Үшінші үйдің құрылысы сәуір айында басталады деп жоспарланып отыр. Егер кейбір тұрғындардың үйлерінің аумағы белгіленген мөлшерден үлкен болса немесе бірнеше пәтері бар тұрғындар болса, олар бойынша жеке шешім қабылданады. Әр тұрғын жеке қаралатын болады. Осы орайда айта кеткен жөн, ешқандай адам мәжбүрлі түрде көшірілмейді.
Осылайша Есіл өзенінен жыл сайын су астында қалатын халықтың мәселесі кезең-кезеңімен шешілмек. Бұл олардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға да мүмкіндік береді.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков