Атырау облысы Елтай ауылында саябақ құрылысы ұзаққа созылып барады

Атырау облысы Елтай ауылында 2021 жылы қолға алынған саябақ құрылысы тұралап қалды.

Келісім-шартқа сәйкес, саябақ 2023 жылы пайдалануға берілуге тиіс болғанымен құрылыс әлі аяқталмаған. Ауыл әкімі облыстық бюджеттен бөлінген 385 млн теңгенің есебін шығара алмай отыр, себебі мердігер жауап бермей, жұмыстарды тоқтатқан. Қазіргі таңда Атырау облысында дәл осындай 11 әлеуметтік нысанның құрылысы тоқтап тұр.

Елтайдағы саябақ құрылысына 2021 жылы конкус жарияланып, мердігер мекеме «Гранд строй» компаниясы 2022 жылдың қазан айында іске кіріскен еді. Аяқталу мерзімі 8 ай делінген. Алайда, мердігер күннің суықтығын сылтауратып, сол жылы құрылысты уақытша 3 айға тоқтатуға өтініш білдірген. Бірақ, жоба бойынша облыстық бюджеттен бөлінген 96 млн теңгені игеріпті. Келесі жылы тағы 96 млн алған мердігер жұмысын жалғастырған. Осылайша 5 жылда 385 млн теңгені өзіне аударып алған «Гранд строй» саябақты тиянағына жеткізе алмай, былтыр келісім шарт тоқтатылған.

Дулатбай Сариев, Елтай ауылдық округінің әкімі:

- 30 желтоқсанда бұл мекемемен бір жақты келісім шартты бұздық.  Себебі 95 пайызға жұмыстар жасалғанымен 3 позициясы бар еді бітпей қалған. Сол 3 позицияны бітірген жоқ, сол себептен жылдың аяғына дейін жасап беруді талап еттік. Ескертілді, хат та жазылды. Бұл жерде сметада бар екі мүсін, балалар орталық ойын алаңының қоршауы.

«Қалған жұмысты аяқтау үшін қосымша 8 млндай қаражат керек»,- дейді, ауыл әкімі. Жалпы, аумағы 2 гектардан асатын саябақта демалушыларға барлық жағдай қарастырылған. Жүгіру жолағы, волейбол, футболға арналған алаңдар, жарық шамдары, тал-теректер мен газонды суаруға арналған құбыр және түрлі мүсіндер орнатылған. Бірақ мердігер мекемемен келісім шарт үзілген себепті нысан қабылданған жоқ. Енді осындай мерзімі созылған құрылыстарды облыстық мәслихат депутаттары бақылауға алмақ.

Жанай Амантурлин, облыстық мәслихат депутаты:

- Ауданның өзінде 2-3 құрылыс нысандарының мерзімі өтіп кетті. Мектеп, тұрғын үй бар. Соның бірі осы бір керемет саябақ. Бұлардың бәріне облыстық бюджеттен қаржы бөлінген кезінде. Өкінішке орай, мына мердігерлердің жауапсыздығынан осындай нысандар мерзімі өтіп кетеді.

Өңірде дәл осындай жұмысы тоқтап, құрылысы сағызша созылған 11 нысан бар. Әсіресе Қызылқоға ауданында 2 мәдениет үйі, Исатай ауданындағы 60 пәтерлік тұрғын үй, Құлсары қаласындағы балабақша және облыс орталығындағы бірқатар мектеп құрылыстары әлі күнге дейін толық аяқталмаған.

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин