Таяу Шығыстағы ел азаматтарын эвакуациялау шаралары қалай өтіп жатыр?

Таяу шығыстағы қақтығыста, қазақстандықтар жапа шеккен жоқ. Қазақстанның Қатар мемлекетіндегі төтенше және өкілетті елшісі Арман Исағалиев осылай дейді. 

Қазір бұл елде 2 мың отандасымыз тұрады. Ал саяхаттап жүрген жұрттың саны 1,5 мыңға жетеді. Бүгінде олардың барлығымен байланыс орнатылып, саяхатшылар қонақ үйге орналасты. Жақын күндері елге қайтару ұйымдастырылады.

Арман Исағалиев, Қазақстан Республикасының Қатар мемлекетіндегі төтенше және өкілетті елшісі:

- Осы күндері Қазақстанның құзырлы мемлекеттік органдарымен осы біздің азаматтарымызды елге қайтару бойынша іс-шаралар ұйымдастырып жатырмыз. Өздеріңіз білетіндей, Қатар мемлекеті тек ғана Сауд Арабиясы мемлекетімен шекаралас болғандықтан, құрлықпен тікелей Сауд Арабиясына ғана баруға болады. Қазіргі кезде Риаттан рейстер эвакуациялық рейстер ұйымдастырып жатырмыз.