Таяу Шығыс: қазақ пен қырғыз уағдаласты
Қазақстан мен Қырғызстан дипломаттары қажет жағжайда Таяу Шығыстағы азаматтарын елге бірлесіп көшіріп алуға дайын.
Бауырлас мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері, осындай ауызша келісімге келді. Бұл туралы Қырғызстан Сыртқы істер министрлігі Консулдық департаментінің директоры мәлімдеді.
Таяу Шығыстағы жағдай ушыққан соң Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті. Консулдық департаментте жедел әрекет ету штабы құрылып, аймақтағы қырғыз азаматтары туралы барлық ақпарат жинақталып жатыр. Қазақстан мен Қырғызстанның Сыртқы істер министрлері телефон арқылы сөйлесіп, өзара көмекке дайын екенін жеткізді.
Сейтек Жумакадыр Уулу, Қырғызстан Сыртқы Істер Министрлігі Консулдық Департаментінің Директоры:
- Қазақстанның Сыртқы істер министрі біздің министрмен сөйлесіп, олар бірге жұмыс істеуге уағдаласты. Сондықтан мен министрдің тапсырмасы бойынша сіздердің консулдық департамент директорымен тілдесіп, бірлесе әрекет етуге келістік.
Біріккен Араб Әмірліктері
Қырғызстан тарапының мәліметі бойынша, қазір Таяу Шығыс елдерінде 22 мың қырғыз азаматы бар. 10 мыңы Біріккен Араб Әмірліктерінде, 6 мыңы Сауд Арабиясында. Олар негізінен Меккеге қажылық жасауға кеткендер. Әзірге оларға қонақ үйде болу ұсынылған.
Сейтек Жумакадыр Уулу, Қырғызстан Сыртқы Істер Министрлігі Консулдық Департаментінің Директоры:
- Қазір біз жан-жақты әзірлік жұмысын жүргізіп жатырмыз. Таяу Шығыстағы жағдай тұрақталмаса, азаматтарымызды қайтарып алу мәселесін бірлесе атқарамыз. Аймақтағы ахуалды қарап отырамыз.
Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Қырғызстанның Қауіпсіздік кеңесі шұғыл отырыс өткізді. Оған құқық қорғау органдары, күштік құрылымдар мен тиісті мекемелердің басшылары қатысқан. Жиналыста қақтығыс аумағындағы азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету міндеті тапсырылды.
Авторлары: Ернат Рахметолла, Бақыт Чермашев