Қазақстан ғылыми белсенділік бойынша Орталық Азияда көш бастады

Қазақстан Халықаралық ғылыми белсенділік бойынша тұрақты өсім көрсетіп отыр.

SCImago рейтингінде еліміз 64-орынға көтерілді. Бұл ұлттық ғылымның қарқынды дамып, жарияланымдар санының артып келе жатқанын білдіреді. Деректер 2024 жылдың қорытындысына негізделген. Бұл тізімде Қазақстан Орталық Азия елдері арасында көш бастап тұр. Мәселен, Өзбекстан 83-орында, Қырғызстан 130, Тәжікстан 147, ал Түрікменстан – 191-орында. Сарапшылардың айтуынша, мұндай айырмашылық ғылымды қаржыландыру деңгейіне, зерттеу инфрақұрылымына, кадрлық әлеуетке және халықаралық әріптестікке байланысты.

Дос Әлиұлы, ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті басқармасының бас сарапшысы:   

- Қазақстанның өңірлік көшбасшылығына бірнеше фактор әсер етті. Біріншіден, ғылымды мемлекеттік деңгейде стратегиялық басымдық ретінде айқындау. Президентіміз айтып өткендей, өзі ғылымның дамуына баса назар аударып, қаржыландыру көлемінің тұрақты өсуі және грандтық жүйесін жетілдіруіне жүйелі түрде көмек беруде. Үшіншіден, ғылым білім және бизнес интеграциясының күшеюі. Қазіргі таңда ғылым тек қана біліммен байланысты емес бизнес ортаны да қалыптастырып жатыр. Бизнес, ғылым, білім осының барлығы қазір өндіріске қарай бет бұруда. Төртіншіден, халықаралық ғылыми ынтымақтастықпен бел халықаралық ғылыми қауымдастықпен белсенді ынтымақтастық орнатылып жатыр.

Мамандар бұл жетістіктерді ғылым мен жоғары білім саласындағы жүйелі мемлекеттік саясаттың нәтижесі деп бағалайды. Атап айтқанда, «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң аясында бірқатар бастама қолға алынды. Бұдан бөлек өңірлік инновациялық экожүйелерді дамыту,  жас ғалымдарды қолдау және ғылыми зерттеулерге бизнестің қаржыландыру тетіктерін енгізу саланы жетілдірудегі басым бағыттардың бірі. Сонымен қатар қазақстандық ұйымдардың халықаралық ғылыми бағдарламаларға, соның ішінде Horizon Europe жобасына қатысуы да кеңейіп отыр.

Халықаралық ғылыми белсенділік рейтингісі

Қазақстан - 64-орын

Өзбекстан - 83-орын

Қырғызстан - 130-орын

Тәжікстан - 147-орын

Түрікменстан - 191-орын 

SCImago Country Rank деректері