Абай облысында қоқыс тастағандарды бейнекамера анықтайды
Қоқыс тастағандарды бейнекамералар қалт жібермейді. Абай облысында абаттандыру ережесін бұзған екі мыңнан аса адам анықталды.
Олар – қоғамдық орындарда қоқыс лақтырған, сосын тәртіп бұзғандар. Полицейлер оларды бейнебақылау камералары арқылы тапты.
Қоқыс тастағандарды бейнекамера анықтайды
Қаланың тазалығы – тек коммуналдық қызметтің емес, әр тұрғынның ортақ міндеті. Сол себепті қоғамдық орындарды ластау және вандализм әрекеті үшін 150-ден астам адам айыппұл арқалады. Полицейлердің айтуынша, негізгі мақсат - жазалау емес, жауапкершілікке шақыру.
Темірлан Шалағанов, ПД учаскелік полиция инспекторы:
- Жыл басынан бері облыс аумағында абаттандыру талаптарын бұзуға байланысты 2316 құқық бұзушылық анықталды. Оның 2119-ы – елді мекендерді абаттандыру ережелерін бұзу, инфрақұрылым нысандарын бүлдіру және жасыл желекті жою. Барлық факті бойынша заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды.
Әкімшілік құқық бұзушылықтардың басым бөлігі бейнебақылау құрылғыларына түсіп қалды. Камералар адам көп жиналатын көшелерде, үйлердің аулаларында, сауда орындары мен вокзалдарда орнатылған. Олар ұсақ бұзақылық әрекеттерін анықтап, түрлі жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Темірлан Шалағанов, ПД учаскелік полиция инспекторы:
- Семейде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 1976 бейнебақылау камерасы орнатылған. Жүйе жол қозғалысын ғана емес, ұсақ бұзақылық фактілерін де бақылап, қоғамдық тәртіпті сақтауға ықпал етеді. Мектептер мен тұрғын үйлер аулаларындағы камералар балалар мен тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Семейліктер қала тазалығына салғырттық танытатындарға айыппұл салу қажет десе, енді бірі әуелі тәрбиеге көңіл бөлу керек дейді.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Өңірде белсенді тұрғындар да аз емес. Өткен жылы жаппай сенбіліктерге 350 мыңнан астам адам қатысты. Бірлескен күштің нәтижесінде 52 мың тонна қоқыс жиналып, сыртқа шығарылды. Күн жылынып, көктемгі маусым басталысымен белсенділер тазалық шараларын қайта жалғастырмақ.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков