Сауд Арабиясында жүрген 321 отандасымыз елге оралды

Қазақстан Таяу Шығыстағы шиеленіс аймағынан өз азаматтарын эвакуациялауды жалғастырып жатыр. 

Бүгін Сауд Арабиясының Медина мен Джидда қаласында жүрген 321 отандасымыз елге оралды. Олардың дені қажылыққа барған. Туристердің көбі өңірдегі саяси ахуалға байланысты елге қайта алмай қалды. Ал біразы 3-4 күн болып кері қайтуға мәжбүр болған. Қазақстандық азаматтарды алып кетуге арнайы екі ұшақ барды. Әуе кемелері алдымен Атырауға тоқтады. Біраз адам сонда қалды. Ол жақтан ұшып шығып, таңертеңгі  сегізден өте Алатау баурайына қонды. Алматыға Джиддадан – 145, ал Мединадан 176 адам келді. Жолаушыларды туған-туыстары күтіп алды. Барлығы да аман-есен келгендеріне қуанышты. Өңірдегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері эвакуация толық аяқталғанға дейін жұмысын жалғастырады. 

Ғалымжан Өтем, Шымкент қаласының тұрғын:

- Елге аман-есен жетіп алсақ деген ой болды. Әрине, біз 11 күн сапарға барғанбыз. Сол 11 күннің 7 күнін өтедік. Туған еліңдей ешқандай қымбат жер жоқ. Соғыс болмасын, тыныштық болсын, бейбіт заман болсын дегім келеді. Шынында да андағы халықты көрсеңіз бәрі дүрлігіп отыр. Жүректерін қолына ұстап, отбасына оралғысы келіп отыр. Әлі қаншама қалып қалған адам бар. Біз өзіміз келгенімізге шүкір етеміз.

Мәулімхан Қаскенқызы, қала тұрғыны:

- Енді тебіреніс болды, біртүрлі, көңілсіз жағдайда қалдық қой. Кішкене жағдайымызды жасап, «бірнеше күн осында боласыздар» деп бізді сабырға шақырды. Кеше ұшақ барды. Соған қуанып, елімізге аман-есен қайттық. Егемендіктің, тыныштықтың қадірін білдік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!