Алиментті өзге елде де өндіруге болады

Енді алимент өндіру туралы сот шешімдері Қазақстаннан тыс жерлерде де орындалады.

Яғни халықаралық құқықтық көмек жөніндегі конвенцияларға қосылған елдер аумағында. Мәжіліс тиісті хаттаманы ратификациялады. Енді алимент төлеуге міндетті ата-ана келісімге қатысушы басқа мемлекетте тұрса, Қазақстан сотының шешімі сол мемлекетте де заңды түрде танылып, орындалады. Әділет министрлігінің мәліметінше, соңғы 5 жылда Минск және Кишинёв конвенциялары аясында қазақстандық соттар осындай өтініштердің шамамен 92 пайызын қанағаттандырған. Ал шетелде Қазақстан соттарының шешімдері орта есеппен 90 пайыз жағдайда орындалады. Бұл келісімдер ТМД елдері арасында әрекет етеді және алимент өндіру рәсімін едәуір жеңілдете түспек. Ал конвенцияларға кірмейтін мемлекеттерде жағдай өзгеше. Мұндай елдерде сот шешімдерінің орындалу деңгейі небәрі шамамен 16 пайызға жетеді. Бұған ұлттық заңнамалардың ерекшелігі және борышкердің нақты орналасқан жерін анықтаудың қиындығы себеп екен. 

Ерлан Сәрсембаев, ҚР Әділет министрі:

- Әр мемлекеттің өз ерекшелігі болуы мүмкін. Ол нақты түрде екіжақты халықаралық шартты қарауымыз қажет, қанша күнге дейін, қандай мерзімге дейін шешу мәселесін қарастыруы мүмкін деген. Ал енді ТМД елдерін алатын болсақ, бізде келіп жатқан өтініштерді айтатын болсақ, қазіргі кезде біз 15 жұмыс күнінде тиісті сот ұйғарымын шығаратын боламыз.

Шешім қабылдауы қажет. Одан кейін оны сот орындаушыға атқарушылық құжат ретінде беріледі. Сосын сот орындаушы тиісті әрекеттерді қозғауға міндетті болады.