Жаңа Конституция жобасы телекөпір арқылы талқыланды
Жаңа Конституция жобасы интерактивті телекөпір арқылы талқыланды.
Елдегі ірі телекомуникациялық оператор қызметкерлеріне осындай мүмкіндік жасап, толғандырған сұрақтарына тікелей жауап берді. Шараға Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі мен Мәжіліс депутаттары және қоғам қайраткерлері қатысты. Басты құжаттың жаңа редакциясында жеке өмірге қол сұқпаушылық кепілдіктері, азаматтардың дербес деректерін заңсыз жинау, сақтау және пайдаланудан қорғау құқықтары бекітілген. Сондай-ақ хат алмасу, телефон арқылы сөйлесу және банк салымдарының құпиясы да конституциялық деңгейде қорғалады. Телекөпірге мұрындық болғандар жаңа Конституция құқықтық сауаттылықты арттыруға, инновациялық тұрғыда дамуға әрі цифрлық қоғам қалыптастыруға жол ашатынын айтты.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Шын мәнінде түсінік пайда болып жатыр. Кезінде білімнен, медицинадан айырады екен деген сияқты даурықпа әңгімелер тыйылды деуге болады. Негізінен жұмыс өте тиімді жүріп жатыр. Коалицияның басшылары шығып, үлкен шараларды мысалы, Астанада, Алматыда он мыңдаған жастар қатысқан шаралар өтті. Семейде, Түркістанда, Оралда жергілікті халық, штаб өкілдері қатысқан шаралар өтті. Жалпы халықтың пікірі оң, негізі халық Конституцияны қолдайтынын байқап отырмыз. Әлеуметтанушылық зерттеулер де растап жатыр.