Жетісу облысында жұмысшылар Ата заң жобасын талқылады
Жетісу облысындағы өндіріс орындары мен кәсіпкерлік нысандарында 100 мыңнан астам адам еңбек етеді.
Олар ел экономикасының дамуына зор үлес қосып отыр. Жұмысшалар мемлекеттің болашағына бей-жай қарамай, жаңа Конституция жобасын бірлесе талқылады. Оң өзгерістер туралы ойларын ортаға салды. Ел талқысына ұсынылған ата заңның 27 бабы еңбек адамдарының мүддесін қорғайды. Онда азаматтардың «әлеуметтiк қорғалу құқығына заңға сәйкес кепілдік беріледі» делінген.
Нұрхан Мырзаев бояу шығаратын зауытта жеті жылдан бері жұмыс істейді. Химиялық қоспаларды әзірлейтін оператор жаңа конституция жобасымен танысып, ой қорытқан. Жұмысшы құқығының қорғалып, еңбек заңдылығының сақталуы маңызды- дейді ол.
Нұрхан Мырзаев, оператор:
- Осы Конституция қарапайым жұмысшылардың құқығын қорғайды деп ойлаймын. Уақытылы айлығымызды, демалысымызды береді. Біз Конституцияны қолдаймыз, бұл мыңдаған жұмысшының құқығын қорғайды деп сенеміз. Өмір сапасын жақсартады деймін.
Кәсіпорын бояу түрлерінен бастап, жол белгілеріне арналған күрделі қоспалар да шығарады. Өндірісте 60-тан астам адам жұмыс істейді.
Қуаныш Сәрсенбаев, зауыт директоры:
- Референдум жайлы, Конституция жайлы жұмысшыларға түсіндіріліп айтылды. Мемлекеттік маңызды референдум болғаннан кейін 15 наурыз күні олар қатысады.
Кербұлақ ауданындағы цемент зауыты аймақтағы ірі кәсіпорындардың бірі. 300-ден аса жергілікті тұрғын еңбек ететін өндіріс орнында да ата заңдағы өзгерістерді талқылауға арналған жиын өтіп, енгізілген жаңашылдықтар түсіндірілді.
Болысбай Момбаев, зауыт директорының орынбасары:
- Еңбек заңдылығының орындалуы 8 сағаттық жұмыс, демалыс, одан кейін құқығына байланысты қандай жеңілдік бар, түгел қарастырылған. Конституция оны басқарады, КЗОД бойынша біз оны құптап, КЗОД бойынша біз оның орындалуын тілейміз.
Жалпы Жетісу облысында 600-ге жуық өндіріс орны мен 62 мың шағын және орта бизнес нысаны бар. Онда 123 мыңнан аса адам еңбек етеді. Сала еңбеккерлері де алдағы референдумға қатысып, өз таңдауын жасайтын болады.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев