300-ден астам қазақстандық елге бет алды
Дубайдан тағы 300-ден астам отандасымыз елге бет алды. Қазақстан үкіметі қаржыландырған екі эвакуациялық рейс «Шарджа-Алматы» бағытында жолға шықты.
Таяу Шығыстағы шиеленіс басталмас бұрын олар араб жеріне туристік мақсатта барған. Ахуал күрт ушыққан сәтте елшілік пен консулдыққа жүгініп, жедел көмек алды.
Араб әмірліктерінің әуе кеңістігі әзірге тек шектеулі бағыттарда ашылған. Кей компанияларға тұрақты жолаушы тасымалдауға әлі рұқсат берілген жоқ. Соған қарамастан, Қазақстан үкіметі дипломатиялық желілер арқылы кезекті эвакуациялық рейсті іске қосты. Туристік мақсатта жүрген отандастарымыздың тізімі әзірленіп, елге кезең-кезеңімен қайтарылып жатыр. Солардың бірі –түркістандық Кұлпанай Садықова. Араб теңізіндегі кеме саятына келген жолаушы оқыс оқиға кезінде жедел көмек көрсетілгенін айтады.
Күлпанай Садықова, турист:
- Өзіміздің мемлекетімізге, басшыларға, Қазақстанның дипломат балаларына алғысымыз шексіз! Жасымызға қарап, жас балалары бар кісілерді бірінші кезекте шығарып алып бара жатыр. Мына шетелдіктер «көрдіңдер ме, қазақтар бір-бірін тартып жатыр» дейді.
Ораз Түктібаев, турист:
- Қиын жағдай. Алайда біз қиыншылықты оңай өткіздік. Елшілігіміздегі жігіттер қамқорлық жасап, қонақүйге орналастырып, бүгін шығарып салып жатыр.
Елшілік пен консулдық жат жердегі қазақстандықтардың құқығын қорғап, қонақүйлерге орналастырды. Күні-түні құжаттарын реттеп, көз ілмеді. Арнайы рейстермен елге аттанатын азаматтар тізіміне ең алдымен әйелдер мен балаларға және қарияларды қосты.
Сапарғали Алтынбеков, турист:
- 28-і шығу керек едік. Қайта елшіліктен келіп, аэропорттан шығарып, көмектесті. Ана жақта быт-шыт болды. Қазір айтуға қиын. Не болып қалғанын түсінбей қалдық. 2-3 сағатта әрең шықтық. Қонақүйге қондырып, кешке дейін жүрді. Енді елден шығарып жатыр.
Төлеуғали Тайтөлеев, турист:
- Өз атымыздан тек ризашылық білдіреміз. Бүгін шығамыз дегенбіз. Енді міне, қайтып бара жатырмыз. Бұл – өмір ғой. Неше түрлі жағдай болады.
Жалпы АҚШ-Иран-Израиль қақтығысы қайта ушыққан сәтте әмірліктерде орта есеппен 5 мыңдай қазақстандық турист қалған еді. Солардың бір легі елге қайтып үлгерді. Қазір арнайы туркомпаниялардың чартерлік рейсі де қайта іске қосылып жатыр. Ал өз бетімен араб жеріне сапар шеккендер жайын ел үкіметі елеусіз қалдырмады. Эвакуациялық рейстер дайындап, шиеленіс ошағындағы отандастарға ұсынды.
Авторы: Рауан Мыңбай