Жаңа Конституция әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтеді
Жаңа Конституция барлық саладағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Елордада өткен Сарапшылар клубының кеңейтілген отырысында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деді. Жиын елдегі конституциялық реформа аясындағы гендерлік күн тәртібіне арналды. Гендерлік теңгерімді қамтамасыз ету Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саяси бағдардың стратегиялық басымдығы екені айтылып, бұл бағытта нақты қадамдар мен жаңа тәсілдер керектігіне мән берілді. Мәулен Әшімбаев саясатта, стратегиялық шешімдер қабылдау деңгейінде әйелдердің өкілдіктері әлі де арттыруды қажет ететініне алаңдаушылық білдірді. Осы жүйелі кедергілерді жою және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету үшін инновациялық ынталандыру тетіктерін қалыптастыру қажет. Сенат Төрағасы өз сөзінде жаңа Конституция нормалары әйелдердің құқықтық мәртебесін бекітіп қана қоймай, тең мүмкіндіктер қағидатын айқындайды. «Азаматтардың қоғамдық өмірге қатысу тетіктерін күшейтеді», - деді. Сондай-ақ отбасын, ана мен баланы қорғауды басты назарға алады. Әйелдердің елдің саяси және қоғамдық өміріне кеңінен қатысуына нақты жағдай жасау да басым бағыттардың бірі ретінде белгіленіп отыр.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Жаңа Конституция жобасында реформалардың өзегінде адам, оның қадір-қасиеті және гендерлік айырмашылыққа қарамастан тең даму құқығы тұрғанын көреміз. Бұл – біздің саяси жүйеміздің кемелденгенінің белгісі. Әйелдер көшбасшылығы еліміз үшін қалыпты құбылысқа айналып келеді. Конституциялық нормалар барлық азаматтың құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігін айқындайды, азаматтық белсенділік тетіктерін күшейтеді және ана мен отбасының қорғалуын қамтамасыз етеді. Мұның бәрі әйелдердің өз әлеуетін толық жүзеге асыруына, мемлекеттік басқаруға және қоғамның дамуына белсенді қатысуына қажетті берік негіз қалайды.
Камила Әміртаева, сарапшылар клубының түлегі:
- Елде болып жатқан реформаларды қарастыратын болсақ, ең маңызды мәселенің бірі – жеке деректерді қорғау, оның ішінде адам құқықтарын цифрлық кеңістікте қорғау деп айтуға болады. Бұл норма алғаш рет жаңа Конституцияның мәтінінде, болашақ 21-бапта көрініс тапқан. Бұл әсіресе өсіп келе жатқан жас ұрпақ үшін өте маңызды. Бүгін біз жастардың, студенттердің, болашақ ғалымдардың, сонымен қатар әйелдердің цифрлық кеңістіктегі өз құқықтарын білуі үшін көптеген жұмыстар жүргізіп жатырмыз.