Орман қоры 976 гектарға ұлғайды
Шымкентте мемлекеттік орман қорының аумағы 976 гектарға ұлғайды. Сала мамандары қаланың айналасын дронмен шолып, есеп жүргізген.
Сөйтіп ағашты алқаптарды орманға қосу туралы ұсыныс жасаған еді. Соның нәтижесінде ерекше қорғауға алынған жасыл белдеу бір жарым есе ұлғайды. Бұл орманнан тыс жатқан жасыл желекті қорғауға сеп болмақ.
Көктен дронмен барлау жүргіздің нәтижесінде орман қорының аумағы бір жарым есе ұлғайып, 1728 гектарға жетті. Енді ол жерлер ерекше қорғауға алынады.
Әлфараби Исабек, қалалық Прокуратура басқармасының аға прокуроры:
- Қорғау режимін нығайтады. Ол дегеніміз ол жерде орналасқан жасыл желектерді кесуге, қандай да бір өрт пайда болған жағдайда жауаптылық арттырылады. Сонымен қатар ол жерде кез-келген құрылысқа, кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынады.
Жердің мәртебесін өзгерту арқылы жасыл- желекті көбейтудің кешенді жоспары әзірленді. Орманшылар төңірекке тағы 60 мыңға жуық көшет егіп, жасыл белдеуді кеңейтуді көздеп отыр. Яғни қарағаш, үйеңкі және алма ағаштарын күтіп-баптау мен сақтау жұмыстары жүргізіледі.
Қала іргесіндегі бұл алқап мемлекеттік бақылауға алынды. Енді мұнда арнайы күзет пен қауіпсіздік талаптары күшейтіледі. Сала мамандарының айтуынша, бұл шешім жер телімін қорғау үшін ғана емес, экологиялық тепе-теңдікті сақтау үшін де аса маңызды.
Экологтар мегаполистің ауа сапасын жақсартуға жасыл-желекті көбейту жеткіліксіз дейді. Қаланың әрбір тұрғыны ауласын көгалдандырып, ағаш-тал егуі керек. Ал өндіріс орындарында мұржалар тазарту қондырғыларымен жабдықталуы тиіс.
Халима Сартаева, Ө. Жәнібеков атындағы ОҚПУ Биология кафедрасының профессоры:
- Экологиялық зерттеулер жүргізілген бұл қадам 10-15% жәрдем береді. Жалпы қаланың периметрі бойынша өсіру керек. Сол кезде жақсы эффект береді. Қаланың ластануы бұл жаһандық мәселе. Атмосфералық ластануға алып келеді.
Өңірде зауыттардың мұржасынан шығатын түтін құрамы онлайн режимінде бақыланады. Ауаға жылына 500 тоннадан астам қалдық бөлетін төрт өндіріс орны бар. Сырты талдау жұмыстарынан соң талаптарды бұзған бұдан өзге 2 кәсіпорын анықталып, жағдайды түзеуге нұсқау берілді.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов,Нұрмахан Бекмұратов