Шымкентте ғасыр жасаған әжелерге құрмет көрсетілді
Шымкентте Халықаралық әйелдер мерекесіне орай ғасыр жасаған 11 әжейге ерекше құрмет көрсетілді.
Ақ жаулықты аналардың әрқайсысына өз шаңырағында арнайы сый-сияпат жасалып, игі тілектер айтылды.
Қалада ғасыр жасаған 11 әжей тұрады. Жүзінен мейірім төгілген қариялардың арасында ұлағатты ұстаздар мен дәрігерлер, еңбекқор сауыншылар мен егіншілер бар. Көктемнің шуақты мерекесі қарсаңында ақ жаулықты аналарға ерекше құрмет көрсетіліп, арнайы сый-сияпат жасалды.
Бүгінде 100-ден асқан асыл жандар немере-шөбере ғана емес, шөпшек сүйіп отырған үлкен әулеттің ұйытқысы. Солардың бірі тыл ардагері Ұлболсын Жүнісова. Ол ел басына күн туған қиын кезеңдерді де, бүгінгі берекелі заманды да өз көзімен көрген. Сондықтан әр сөзі өнегелі өсиетке толы.
Ал Гүлбибі Баймұхамбетова 15 ұл-қыз сүйіп, алтын құрсақты батыр ана атанған аяулы жан. Ол талай жыл ауыл шаруашылығы саласында қажырлы еңбек етіп есейген. Ғасыр куәгерінің пайымдауынша, отбасының бақыты мен шаңырақтың шаттығын сақтаудың басты кепілі өзара түсіністік пен сыйластық.
Гүлбибі Баймұхамбетова, қала тұрғыны:
- Жаман-жақсылы отауға еге болып, пәленшенің үйі атандық. Ең үлкен сыйлық не болсын! Сіз-біз деп сыйласқан. Жақсы сөз, жақсы әңгіме. Еш ашуланбаңдар. Мен әлі күнге дейін ашуланып, біреуге бүйткен емеспін ғой.
Мерекелік игі шара мұнымен шектелген жоқ. Биыл қаладағы 14 мыңнан астам «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне арнайы бір реттік әлеуметтік төлем жасалды. Сала мамандарының пікірінше, бұл мемлекет тарапынан көпбалалы аналардың ерен еңбегі мен қажырлы қайратына көрсетілген шынайы қамқорлықтың белгісі.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов