DIOR-дың қазақ музасына тағзым жасалды
Парижде әйгілі француз моделі, тегі қазақ Алла Елшіннің рухына тағзым жасалды. Жоғары сән әлеміндегі алғашқы азиялық модель осыдан 37 жыл бұрын Иври-сюр-Сен зиратында жерленген.
Франциядағы қазақтар қауымдастығының өкілдері зират басына барып гүл қойды. Шараға жергілікті тұрғындар мен қазақстандық дипломаттар да қатысты. Биыл қауымдастық Алла Елшіннің 100 жылдық мерейтойын атап өтті. Осыған орай, Алматыда салтанатты түрде қазақ моделінің алғашқы бюсті ашылмақ. Еске сала кетейік, Алла Елшін 1940-60 жылдары Париж сән әлемінде жарқырай танылып, атақты Кристиан Диормен жұмыс істеген. Кейін дизайнер өмірден өткен соң, белгілі модельер Ив Сен-Лоранмен ынтымақтастық орнатты. Екі модельер де Алланың ерекше азиялық келбетін атап өтіп, оны өз топтамаларының танымал да табысты болуына үлес қосқан муза деп таныған.
Берлин Иришев, Франциядағы қазақтар қауымдастығының президенті:
- Алла Елшін бүкіл өмірін әйел сұлулығын және ақыл-парасатын дәріптеуге арнады. Тағдыр тәлкегімен 8 наурыз күні жерленді. Алла – жоғары сән әлемінде алғаш танылған азиялық модель әрі қазақ қызы. Оның сұлулығы, тектілігі, білімділігі мен бірнеше тілді меңгеруі көпшілікті, тіпті Кристиан Диордың өзін тәнті еткен. Бұл – бүгінгі жас қазақстандықтарға үлкен өнеге. Әрдайым алға ұмтылып, өзіңе сеніп, мақсаттарға еш қолдаусыз жету мүмкін екендігінің дәлелі осы деп ойлаймын.