Энергетиктер жаңа Ата заң жобасын қолдайды
Энергетиктер жаңа Конституция жобасын қолдайды. Бұл туралы Астанада Қазақстан Электроэнергетикалық қауымдастығы ұйымдастырған кездесуде айтылды.
Жиынға энергетикалық компаниялардың қызметкерлері, кәсіподақ өкілдері мен Парламент депутаттары қатысты. Сондай-ақ елдің барлық өңіріндегі энергетика кәсіпорындарының ұжымдары бейнебайланыс арқылы қосылды. Спикерлер еңбек ұжымдарының сұрақтарына жауап беріп, жаңа конституция жобасындағы баптарды түсіндірді. Бүгінде салада 100 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қауымдастық өкілдері жаңа Ата Заң жобасы ел дамуының болашақ бағытын айқындайтын маңызды құжат екенін атап өтті. Сондай-ақ экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен табиғи ресурстарды қорғау мәселесіне ерекше назар аударылғаны айтылды. Кездесу соңында қатысушылар барша қазақстандықты 15 наурыздағы жалпыхалықтық референдумға қатысуға шақырды.
Вера Ким, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бүгінгі таңда заң шығару құқығы Президентке, Парламентке және Үкіметке тиесілі. Заң шығару құқығы тұрғысынан енгізіліп отырған төртінші институт – Халық кеңесі. Ол 126 адамнан тұрады. 42 адам – Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері, 42 адам – өңірлік мәслихаттардың өкілдері, тағы 42 адам – ірі қоғамдық бірлестіктердің өкілдері болады. Халық 15 наурызда жаңа Конституцияға қолдау көрсетсе, алда бізді үлкен жұмыс күтіп тұр.