Қызылорда облысында 10 мың гектар жүгері егіледі

Қызылорда облысында көктемгі дала жұмыстары басталды. Биыл өңірде 186 мың гектар жерге дән себіледі.

Су тапшы болады деген болжам бар. Сондықтан шаруалар күріш алқабын азайтып жатыр. Оның орнына жүгері егеді. Тіршілік нәрін үнемдеу үшін диқан қауымы тағы қандай қарекет етпек? 

Биыл Жаңақорған ауданында 35 мың гектардан астам жерге дән себіледі. Оның ішінде 6 мың 300 гектары - күріш алқабы. Алайда биыл Сыр маржанының көлемі былтырғымен салыстырғанда 1 мың гектарға қысқарған. Бүгінде диқандар су тартуға қолайлы танаптарды іріктеп, қызу дайындыққа кірісті. Басты талап - жерді лазерлік тегістеу. Бұл технология суды үнемдеудің ең тиімді жолы болып отыр.

Ғалымқожа Ядыгаров, шаруа қожалық төрағасы:

- Жылда жерді айдаймыз, лазерлі жоспарлау жасаймыз. Бұның айырмашылығы өте көп қой. Бұның тегістігі суды үнемдеуге жақсы, көп үнемделеді. Қазір Өзгент ауылында 70-80 пайыз лазерленіп тұр. Енді бір 20-30 пайызын ауа райына қарайлап тұрмыз, сол келсе болды біз дайынбыз.

Биыл аймақта егістік алқаптарын суаруға Сырдария өзенінен 3 миллиард 200 миллион текше метр су лимиті бөлінген. Облыста барлығы 186 мың гектарға жуық жерге егін егіледі деп жоспарлануда. Десе де өңірдегі су тапшылығы күріш алқаптарының көлемін еріксіз азайтуға мәжбүр етті.

Талғат Дүйсебаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Негізгі дақылымыз күріштің көлемін 10 900 гектарға қысқартып, сол 70 000 гектар көлемінде белгілеп отырмыз. Енді әрине, орнына басқа дақылдар егуіміз керек. Бұл бағытта біз жүгері, дәнді жүгері дақылына басымдық беріп отырмыз. Биылдың өзінде біз енді жыл сайын өңірде небәрі 1 700 гектардай дәнді жүгері егілетін болса, биыл соның көлемін 10 000 гектардан асырамыз деп отырмыз.

Сыр өңіріндегі көктемгі дала жұмыстарына 4 мыңға жуық техника жұмылдырылады. Қазір ауыл шаруашылығы құралдары толық жөндеуден өтіп, сақадай сай тұр. Мамандардың айтуынша, тұқым қоры жеткілікті, ал минералды тыңайтқыштар кезең-кезеңімен жеткізілуде. Шаруаларға арзан жанар-жағармай да бекітілген кестеге сәйкес үлестірілмек.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев