Энергетика саласын жаңғырту шаралары

Биыл өңірлерде 9 энергоблокты, 55 қазандықты және 51 турбинаны күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.

Қазір жөндеу жұмыстары екі энергоблокта, төрт қазандықта және екі турбинада жүріп жатыр. Жылу энергетика саласын жүйелі жаңғырту шаралары апатты жағдайды азайтып, инфрақұрылымды жоспарлы түрде түбегейлі жаңартуға мүмкіндік береді. Энергетика министрлігі салада қордаланған мәселелер кезең-кезеңмен шешілетінін хабарлады.

«Өскеменде жаңа жылу орталығы 2029 жылы пайдалануға беріледі. Сонда қосымша қуат көлемі айтарлықтай ұлғаяды. Себебі қазір жұмыс істеп тұрған қос нысан жыл сайын халық санының өсуін ескерсек, жылуға қажеттілікті толық жаба алмайды», - дейді мамандар.

Рузиля Әбдірашитова, облыстық Энергетика және ТКШ Басқармасының бөлім басшысы:

- Жаңа жылу электр орталығы қаладағы жылу тапшылығын толығымен шешеді. Нысан 2029 жылы іске қосылмақ. Өңірдегі жылу қуаты 1000 гигакалорияға ұлғайтылатын болады.

Осы секілді ірі жобалар Семей, Көкшетау қалаларында да салынып жатыр. Үш нысан құрылысы Үкіметтің жіті бақылауында. Бұл - өнеркәсіптік және тұрғын үй құрылысы үшін қажетті энергия қорын жасақтауға мол мүмкіндік. Көкшетаудағы жаңа жылу электр орталығының құрылысы да 2029 жылы аяқталады. Нәтижесінде 195 мыңнан астам тұрғын жылу және ыстық сумен қамтылады. Электр станциясын салуға 227 гектар жер телімі бөлінген.

Илья Рожков, ҚР Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары:

- Қазіргі уақытта Қазақстандағы барлық электр станцияларының тозу деңгейі шамамен 53%-ды құрайды. Ал жылу электр орталықтарының тозу деңгейі 59%. Өткен жылы бұл көрсеткіш 61% болған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша біз бұл деректерді жаңарттық, қазіргі уақытта тозу деңгейі 59% болып отыр. Тозу деңгейінің төмендеуі 2025 жылғы жөндеу науқанының толық көлемде жүргізілуінің нәтижесінде қамтамасыз етілді.

Елдегі 3 ірі жылу энергетикалық орталығы «Таза көмір» технологиясымен салынады. Онда түтін газдарын сүзудің озық жүйелері мен көмірқышқыл газын ұстау технологиялары қолданылады. Қуат станцияларының салынуы энергия тапшылығын азайтып қана қоймай, энергетикалық жүйенің тұрақтылығын нығайтады. Қарағанды, Өскемен, Жазқазған, Екібастұз, Балқаш қалаларындағы жылу электр орталықтарын жаңғырту жобалары саладағы мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.

Илья Рожков, ҚР Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары:

- Үкімет тарапынан бірқатар жылу электр орталықтарына ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, Екібастұз бен Риддер жылу электр орталықтары. Бұл нысандарға қосымша қаржы Үкімет резервінен де қарастырылды. Нәтижесінде ауқымды жөндеу бағдарламасы жүзеге асты. Шын мәнінде, мұны жөндеуден гөрі қайта жаңғырту жұмыстары деуге болады. Мәселен, Риддер жылу электр орталығының тозу деңгейі шамамен 48%-ға дейін төмендеді. Екібастұздағы жағдай да осы шамалас. Ал Кентау жылу нысанындағы тозу деңгейі қазіргі уақытта шамамен 40%-ды құрап отыр.

Алдағы 10 жылда елде электр, жылу энергиясына сұраныс арта береді. Демек жаңартылатын қуат көздерімен қатар көмір генерациясын да дамыта түсу керек. Бұл жобаларды орындауға 8 трлн теңге жұмсалмақ. Қор жеткілікті, ендігі кезекте ескірген технологияларды жаңартып, нысандарды жаңғырту маңызды, - дейді сала мамандары.

Авторлары: Рухани Әбдірахман, Мирлан Алтынбек, Ислам Маханбет