Астық тасымалында өзгеріс бар

Көлік жеткізу тізбегі үзілгеніндей астық тасымалында да өзгеріс бар. Былтыр Иранға 1 млн 200 мың тонна бидай жөнелтілсе, биыл көлемін дөп басып айту қиын.  

Алайда турасын айтқанда «осы елден қағылсақ, тарығамыз» деу де асыра сілтегендік. Өйткені 2019-2023 жылдары ол жақтағы нарық сап тыйылған еді. Аптықпаңыз, бұл тек астыққа қатысты ақпар. Содан тек соңғы жылдары жан бітіп, 500 мың тоннадан артық тиеле бастаған. Әйтсе де геосаясат тағы белгісіздік жайтқа түсірді. «Енді Қазақтанға Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне көбірек көңіл бөлген дұрыс», - дейді сарапшылар. Артықшылығы да, тәуекелі де бар бағыт. Еуропа мен Түркияға шығатын жалғыз сенімді жол. Орта дәліз халықаралық қаржы институттары үшін «таза» бағыт саналады. Оның үстіне Ақтау және Құрық порттарының өткізу қабілеті артты. Еуропалық Одақ пен ірі инвесторлар қызығушылық танытып, қаржы құйып жатыр. Тек тасымал тарифінің жоғарылығы және логистиканың күрделілігі тәуекелді болып тұр. Бірнеше мемлекет шекарасынан өтіп, Каспий мен Қара теңіз арасында қайта тиеу астық пен көлік бағасына қосымша шығын қосады. Алайда «тәуекелсіз, тәубесіз ер қырсыққа шатылған» деген де бар. Қала берді Ирандағы ахуал қашан әрі қалай оңалатыны да сұрақ. 

Зейнолла Абдуманапов, «KazGrain» ұлттық экспорттаушылар қауымдастығының басқарма төрағасы:

- Әрине, бұл Қазақстан үшін қосымша нарық көзі ретінде үлкен мүмкіндік. Алайда соғыс ушығып, ол жақтан төлемақыларын алу мәселесі туындаса онда Қазақстанның астығы Ирансыз да сұраныссыз қалмайды деген үлкен сеніміміз бар. Яғни Қытай, Орталық Азия бар. Сонымен қатар көлік субсидиясын атап өткім келеді. Көлік субсидиясы Қазақстан астығы үшін үлкен мүмкіндік. Біз Таяу Шығыс қана емес, Африка елдеріне де, Еуропаға да, сосын Оңтүстік Азия мемлекеттеріне де Қытай арқылы жеткізуді қарастырып отырмыз. 

Көлік субсидиясы – көп көмек. Отандық компаниялардың әлемдік нарыққа шығуына қолдау. Яғни мемлекет теміржол шығындарының 30 пайызын өтейді. Әр тоннасына 30 мың теңгеге дейін демеу бар. Бұл транспорт тарифін төмендетіп, кәсіпкерлер әлемдік бәсекеге әлеуетті болады. Былтыр осы бағытқа мемлекет 30 млрд тг бөлген. Биыл да қарастырылып отыр.