Түркістан қажетті азық-түлікті өзі өндіреді
Жеміс-жидегі қыста да гүлдеп тұратын Түркістандық кәсіпкерлер әлеуметтік маңызы бар 31 тауардың 27-сін өздері өндіреді.
Бұл алдымен нарықты реттейді, бағаның өсуін тежейді. Қазір облыстық тұрақтандыру қорында бірнеше айға жететін азық-түлік бар. Қор жеткілікті. Бастысы өндіріс пен кәсіпкерлерді дамыту жұмыстары жалғасып жатыр.
Түркістандық кәсіпкер Айнұр Алтынбекова аумағы 50 шаршы метр болатын мына әлеуметтік дүкенді былтыр ашқан. Мұнда негізінен халық жиі тұтынатын әлеуметтік азық-түлік өнімдері саудаланады. Тауырды өңірлік тұрақтандыру қоры жеткізіп береді.
Айнұр Алтынбекова, дүкен иесі:
- 31түрлі әулеуметтік тауарлар бар. Бізде басқа дүкенге қарағанда бағасы 20-30%-ға төмен. Сол үшін біздің қасымыздағы үйде тұратын әлеуметтік осал топтағы, аз қамтылған тұрғындар келіп, келгенін-келгендей тауарды алып кетіп жатады. Бізге тауарды аптасына 2-3 рет жеткізіп беріп отырады.
Көпбалалы ана Нулифар Рузиметова қажетті азық-түлік өнімдерін күнделікті осы дүкеннен сатып алады. Басқа дүкендерге қарағанда бағасы қолжетімді екенін айтады. «Бұл біз сияқты осал топтағы отбасылар үшін үлкен демеу»,- дейді.
Нулифар Рузиметова, тұрғын:
- Негізі көпбалалы аналарға қолайлы. Бізге өте арзан бағада беріледі. Жұмыртқа басқа дүкенде 1 данасы 60-70 теңге, бұл жерден 43 теңгеден аламыз. Қантты 390 теңгеден аламыз, басқа жерде қымбат. Қартоп міне, арзымаған ақша болды. Қолайлы деп ойлаймын.
Өткен жылы елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі 19-дан 31-ге дейін кеңейтілді. Қазір осы тізімдегі әлеуметтік өнімдердің 27-сі жергілікті жерде өндіріледі. Енді мамандар мүмкіндігінше, барлығын өзімізде өндіруге басымдық бермек. Қазір шәйді сырттан алдырса, макарон, қант, қарақұмықты көрші облыстардан сатып алады.
Самат Көшкінбай, облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары:
- Бұған дейін тауық жұмытқасымен өзімізді толық қамтамасыз ету болмаған еді. Соңғы қосылған жобалардың арқасында оның көлемі артты. Тауық еті бойынша да бізде жеткіліксіз болған. Бірақ ол бойынша да жылына 48 мың тонна тауық етін өндіру жобасы іске қосылып, жұмысын бастап отыр. Осындай жобалардың арқасында облыс халқын толық көлемде 27 азық-түлік түрі бойынша өзімізді қамтамасыз етеміз. Кейбір тауарлар бойынша жалпы елімізді қамтып жатырмыз.
Бүгінгі күні өңірде 45 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Оның 30-ы облыс орталығында, қалғаны аудандарда орналасқан. Одан бөлек 25 сауда орнында 25 әлеуметтік бұрыш ашылған. Жауаптылар жыл соңына дейін тағы 5 дүкен ашуды жоспарлап отырғандарын айтады. Ал өткен жылы қалада 4 мың тонна көкөніс сақтайтын заманауи қойма пайдалануға берілді. 8 камералы қойма арнайы мұздатқыш және желдеткіштермен жабдықталған. Қазір мұнда 3,5 мың тонна азық-түлік қоры сақтаулы.
Лаура Жанасбаева, «Түркістан» ӘКК» АҚ Тұрақтандыру қоры департаментінің директоры:
- Дәл қазіргі таңда қоймада 500 тонна қартоп бар, 200 тонна пияз бар, 60 тонна сәбіз бар, 50 тонна қырыққабат бар, 60 тонна қант бар, 20 тонна макарон өнімдері бар. 30 тонна күріш бар, 30 тонна ұн бар және тағы басқа өнімдер осы қоймада сақталуда. Тез бұзылатын өнімдер олар айналым схемасы бойынша кәсіпкерлерге қарыз беру арқылы өздері өндіріп, өздері сақтап, белгіленген дүкенге өздері жеткізіп отырады. Ол тұрақты түрде бақылауда тұр.
Бақылау демекші, өткен жылы бағаны негізсіз көтерген 75 дүкен иесіне айыппұл салынып, шара көрілген. Мамандар халықты қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында апта сайын жәрмеңке өткізілетінін айтады. Жақында қажетті өнімдерді сатып алу мақсатында тұрақтандыру қорына облыстық бюджеттен қосымша тағы 1 млрд теңге бөлінген.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Абуов