Елде 32 аудандық аурухана жаңғыртылып жатыр
Елде 32 көпбейінді аудандық аурухана жаңғыртылып жатыр. Медициналық нысандар күрделі жөндеуден өтіп, заманауи техникамен жабдықталады.
Ғимараттарда инсульт орталығы, кардиология, травматология сынды бөлімдер ашылып, триаж жүйесі енгізіледі. «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында үш жылда 655 медициналық-санитариялық нысан пайдалануға берілді. Нәтижесінде 1 млн-ға жуық тұрғын дәрігерлік көмекті тұрғылықты жерінде алатын болды.
Асқар Хорошаш, «Turar Healthcare» КЕАҚ басқарма төрағасы:
- Қазір ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғыртудың екінші кезеңі жалғасып жатыр. Қолданыстағы құрылыс материалдары мен медициналық техниканың басым бөлігі Қазақстанда өндірілген. Ғимараттардың 80 пайызға жуығы отандық тауарлармен жабдықталды. Құрылыс жұмыстары типтік үлгіде жүргізілді. Бұл қаржы шығынын азайтуға мүмкіндік берді. Әр өңірге жеке жоба әзірлеудің қажеті болмады. Нәтижесінде шамамен 16,5 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделді.