Елімізде жеке детективтердің қызметі заңдастырылуы мүмкін

Көп ұзамай Қазақстанда жеке детективтер заңды түрде жұмыс істеуі мүмкін. Мәжіліс депутаттары бұл қызметті реттейтін заң жобасын қарастырып жатыр.

Егер бастама қолдау тапса, елде ресми тіркелген жеке ізкесушілер пайда болады. Олар қандай қызмет атқарады, бұл іспен кім айналыса алады?

Асылжан Құрманғали, тілші: 

- Кинода жеке детективтер күрделі істерді ашып, жоғалған адамдарды тауып жатады. Ал Қазақстанда мұндай қызмет әлі толық заңмен реттелмеген. Дегенмен Мәжілісте қаралып жатқан жаңа заң жобасы қабылданса, жеке іздестіру қызметі ресми түрде жұмыс істей бастайды. Олар тергеушілерге көмектесіп, жинаған дәлелдерін сотта қолдана алады. Яғни енді Шерлок Холмс секілді ізкесушілер тек кино емес, нақты өмірде де істі шешуге атсалыспақ.

Атыраулық детектив Есенбек Биасхов құқық қорғау органдарында 20 жылға жуық қызмет атқарған. Кейін осы тәжірибесін пайдаланып, жеке ізкесушілікпен айналыса бастаған. Оның айтуынша, жұртшылық арасында құзырлы органдарға сенімсіздік танытатындар бар. Сондықтан мұндай мамандар қажет. Дегенмен ізкесушілер құзырлы органдарға бәсекелес емес. Сондай-ақ «детектив болу кез келген адамға бұйыра бермеуі тиіс», - дейді.

Есенбек Биасхов, детектив:

- Жеке детектив мәселесін жақсы қадағалауға алу қажет деп есептеймін. Тиісті ұсынылып отырған адамдарды тиісті тексеру қажет. Мемлекеттік органдарда, құзырлы органдарда тәжірибесі бар тәжірибелі адамдарды өткізген дұрыс деп есептеймін. Себебі мен жеке детективпін деп шабылдап, кез келген адамның өміріне қолсұғушылықпен айналысуы мүмкін.

Бүгінде елде дәл осындай жеке іздестіру қызметін көрсететін 20-дан астам компания бар. Алайда олардың қызметін реттейтін заң болмағандықтан басым бөлігі күзет қызметі лицензиясы арқылы жұмыс істеп келеді. Мамандар көбіне жоқ іздеу немесе түрлі ақпарат жинаумен айналысады. Депутаттардың айтуынша, бұл саланы заңдастыру азаматтардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мүмкіндігін кеңейтеді.

Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Ұсынылып отырған үш заң жобасының басты мақсаты – азаматтардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мүмкіндігін кеңейту және елімізде жеке детективтік қызмет институтын қалыптастырудың құқықтық негізін құру. Құжаттарда жеке детективтік қызметтің негізгі ұғымдары анықталып, оның қағидаттары, міндеттері мен жүзеге асыру тәртібі белгіленеді. Сонымен қатар детективтік агенттіктер мен жеке детективтердің құқықтық мәртебесі айқындалып, олардың қызметін лицензиялау және мемлекеттік бақылау мәселелері реттеледі.

Жеке детективтер тек арнайы лицензиямен ғана жұмыс істейді. Яғни мемлекеттен арнайы рұқсат керек. Заңгердің пайымдауынша, бұл мамандар көбіне кәсіпкерлерге қажет болмақ. Мәселен, келісімшартқа отырар сәтте серіктес компанияның сенімділігін тексеруде. Ал жеке азаматтар үшін іздестіру жұмыстарына ат салыспақ. «Алайда заңгерлер бірнеше жайтты ескеру керек», - дейді.

Нұрлан Жаңабаев, заңгер:

- Ата Заңында көрсетілген жеке өмірге қол сұғылмаушылық. Жеке детектив бейне немесе фотобейнесін түсірген кезде бәрі заңды түрде болу керек. Өйткені бұл білінбейтін шекара. Тапсырушы шекараны бұзып жатқанын, зерттеліп жатқан адамның да заңды құқықтарын біз қорламауымыз қажет екенін білмеуі мүмкін.

Заң жобасына сәйкес кез келген адам жеке детектив бола алмайды. Мәселен, 30 жасқа толмаған азаматтар, мемлекеттік қызметкерлер, бұрын сотталғандар және сыбайлас жемқорлық, құқықбұзушылық үшін жұмыстан шығарылған адамдар бұл қызметпен айналыса алмайды. Сондай-ақ маскүнемдік, нашақорлық немесе психикалық аурулар бойынша есепте тұрған тұлғаларға да рұқсат берілмейді. Жеке детективтердің қызметіне де қойылар талап бар. Олар азаматтардың жеке өміріне араласа алмайды, жедел-іздестіру әдістерін қолдануға құқығы жоқ. Бұдан бөлек, жеке деректер туралы заңнаманы сақтауға міндетті және мемлекеттік дерекқорларға қол жеткізе алмайды. Мәжіліс депутатының айтуынша, мұндай мамандарға сұраныс жоғары.

Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қылмыстық істі соңына дейін жеткізуге құқықтық негізі жоқ болса, онда қылмыстық істі қысқарта салады. Алайда әрбір қысқартылған қылмыстық істің артында көптеген сұрақтар туындайды. Көп қылмыстық істердің қысқартылуы заңдық дәлелдемелердің жоқтығынан болады. Мұндай жағдайда азаматтар детективті жалдап, өзінің тергеп-тексеруі арқылы зерттеп, қосымша дәлелдемелерді жинап, тергеуге алып келуі мүмкін.

Заң жобасына сәйкес Ізкесушілер зерттеу жүргізу барысында туындайтын сұрақтарға мемлекеттік органдар жауап беруге міндетті. Сондай-ақ детективтер заңмен қорғалады, яғни олардың жұмысына ешкім кедергі келтіре алмайды. Ал мұндай мамандар Еуропада бір ғасырдан астам уақыттан бері жұмыс істейді. Дегенмен бірыңғай заң жоқ, әр мемлекет өз ережесін бекітеді. Мәселен, АҚШ-та жеке детективтер 1850 жылдан бері құзырлы органдармен бірге жұмыс істеп келеді. Заңгерлердің айтуынша, Қазақстанда бұл мамандардың өкілеттілігі шектеулі болуы мүмкін.

Авторлары: Асылжан Құрманғали, Ғалымжан Абдылахат, Самат Қазанбаев