Елорда тұрғындары Көрісу мейрамын атап өтті
Еліміздің батысынан бастау алған Көрісу мейрамы бүгінде әр қала мен ауданда сән-салтанатымен атап өтіліп жатыр.
Сондай дүбірлі дүрмектің бірі бүгін елордадағы Ататүрік саябағында ұйымдастырылды. Ашық аспан астында әсем ән мен күмбір күйден шашу шашылып, ұлттық дәстүріміз паш етілді.
Көрісу мейрамы жылдан жылға жалпыхалықтық сипат алып, ел болып тойлайтын дүбірлі думанға айналып келеді. Наурыздың алғашқы нышанындай болған бұл күнді бүгін елордалықтар да атап өтті. Ататүрік саябағына жиылған жас пен жасамыш қол алысып, төс қағыстырды.
Асхат Маемиров, Музыкалық жас көрермен театрының директоры:
- 14 наурыз – Көрісу күні. Бұл – Амал мерекесі. Яғни қыстан аман-есен шыққан жұрт таңертең бір-бірімен амандасып, «жасың құтты болсын» деп, сондай бір керемет сән-салтанаттың басы басталады.
Саябақтағы думанды шараға елге есімі белгілі өнер қайраткерлері мен шығармашылық ұжымдар қатысып, мерекенің көркін қыздырды. Ашық аспан астында әсем ән мен күмбір күй ойнап, болашақ ұрпаққа тағлым болар бай салт-дәстүріміз көрсетілді. «Іс-шараның басты мақсаты – төл мәдениетімізді төрге оздырып, ел бірлігін көпке паш ету», - дейді ұйымдастырушылар.
Досхан Тұяқбаев, Астана қаласы Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары:
- Бүгін 12:00-16:00-де концерттік іс-шаралар болады. Одан бөлек, бізде 5 киіз үй тігілді. Биыл Жасанды интеллект жылы болғандықтан Робот гумманоид бар.
Іс-шара аясында заманауи AI-аймақ ұйымдастырылды. Онда виртуалды көмекші қала тұрғындары мен қонақтарына Наурыз мейрамы жайлы ақпаратпен алмасады. Сонымен бірге ұлттық музыкалық аспаптар мен қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі жасақталды.
Авторы: Назерке Тоқжан