Әлемнің 54 еліндегі 71 учаске отандастарды қабылдауға дайын

Бүгін әлемнің 54 елінде орналасқан 71 учаске шетелдегі отандастарымызды қабылдауға дайын.

Астана уақытымен таңғы сағат 03:00-де Токио және Сеул қалаларындағы учаскелер алғашқы дауыс берушілерді қабылдады. Сағат сегіздегі жағдай бойынша, дүниежүзінің түкпір-түкпірінде 23 учаске іске қосылып, 198 отандасымыз өз таңдауын жасап үлгерді. Биыл шет мемлекеттерде дауыс беруге құқылы азаматтардың жалпы саны 14 мың 380-ді құрайды.

Арман Исетов, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Әскери-саяси жағдайдың шиеленісуіне орай және азаматтарымыздың санының төмен болуына байланысты 10 елдегі 11 учаске ашылмайды (Иран, Израиль, Иордания, Қатар, БАӘ (2 учаске), Оман, Ливан, Кувейт, Украина және Эфиопия).

Ең соңғы ашылып, жабылатын референдум учаскесі АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында орналасқан. Бұл учаске Астана уақытымен бүгін сағат 19:00-де ашылады және 16 наурызда сағат 08:00-де жабылатын болады.