Астанада «Nauryz Sale» жәрмеңкесі басталды

Елодада «Nauryz Sale» азық-түлік жәрмеңкелері басталды.

Наурыз мерекесіне орай өткізіліп жатқан ауқымды жәрмеңкеде тұрғындар азық-түлік тауарларын тиімді бағада сатып ала алады.

Жәрмеңкеге келушілер қарасы көп. Мұнда тұрғындар мен қала қонақтары көкөніс пен жеміс-жидек, ет және сүт өнімдері секілді азық-түлік тауарларын тиімді бағада сатып алып жатыр. Елорда тұрғындарының айтуынша, мұндай жәрмеңкелер әсіресе зейнеткерлер үшін тиімді.

Баян Мақсұтова, қала тұрғыны:

-Иә, жәрмеңке ұнап жатыр. Наурыздың қарсаңында құрт, талқан, тары алып, кешкі ауызашарға дайындалып жатырмыз. Қаймақ, басқа да өнімдері жақсы екен. Арзан, сапасы жақсы.

Жәрмеңке қаланың жеті орнында ұйымдастырылған. Атап айтқанда: Keryen Joly, Koktal, Еуразия сауда орталықтары, Астаналық базар, Damu Mall сауда-ойын-сауық орталығы, сондай-ақ Шапағат және Сауран базарлары. Сауда сөрелерінде Қазақстанның әр өңірінен келген фермерлер мен отандық өндірушілердің өнімдері ұсынылған.

Мақсат Жаңабаев, Астана қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

-  10 күндік Наурызнама тойлау аясында бізде республика бойынша «Наурыз Sale» деген республикалық акция жүзеге асуда. Бүгін өздеріңіз көріп тұрғандай, 14–15 наурызға байланысты осындай үлкен жәрмеңкелер өткізіп жатырмыз. Жәрмеңке қаланың жеті локациясында өтуде.

Мақсат Жаңабаевтың айтуынша, жеңілдіктер 13-23 наурыз аралығында жалғасады. Осы уақытта азық-түлікпен қатар киім-кешек, аяқ-киім, тұрмыстық техника және үйге қажетті тауарлар да арзан бағамен сатылады. Акция қаланың ірі сауда желілері мен сауда орталықтарында өтеді. Атап айтқанда, Magnum, Small, Galmart, Анвар супермаркеттері, сондай-ақ Mega Silk Way, Хан Шатыр, Asia Park, GreenMall және Сарыарқа сауда орталықтарында.

Авторы: Асылжан Құрманғали