Наурызнама: Қытайда достық көрмесі өтті
«Наурызнама» Қытай еліне де жетті. Ең алғашқы мерекелік шара Бейжіңдегі Қазақстан мәдени орталығында өтті. Қазақ-қытай балалары сурет салып жарысып, достық көрмесін аралады.
Наурызнама. Достық көрме. Ұлттық өнер. Бәрі бір байқауда. Негізгі идея Қазақстан мен Қытайдың достық қарым-қатынасын балалардың көзімен көрсетуді көздейді. Іс-шараға ата-аналар да, жеткіншектер де ерекше қызығушылық танытты. О баста жүз бала қатысады деп күтілген шараға мыңға тарта сурет қабылданды. Әсіресе қытайлықтар ерекше ықылас білдірген
Ма Манцзе, байқауға қатысушы:
- Менің жасым тоғызда. Чаоян ауданынан қатысып отырмын. Байқау қызық болды. Ерекше әсер алып отырмын. Көптеген жаңа дос таптым. Шетелдік балалармен танысқаныма қуаныштымын. Олардың бәрі өнерлі екен.
Іс-шараға дипломаттар, біздің Бейжіңдегі мәдени орталық және Қытайдың шетел әдебиеті мен баспа істері басқармасының мамандары қатысты. Сонымен қатар жергілікті танымал суретшілер де келді. Олар балалармен бірге сурет салып, шеберлік көрсетті.
Люй Чжан, Бейжің қаласының тұрғыны:
- Бұл іс-шара Қазақстан мен Қытай арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтатын маңызды бастама. Мұндай тәжірибе балалардың танымын арттырып, көзқарасын қалыптастырады. Біз үшін бұл шараға қатысу үлкен мәртебе. Менің қызым мұндай деңгейдегі байқауға алғаш рет қатысып отыр.
Достық көрмесіне үздік деген 40 сурет қойылды. Мәні мен мағынасы терең, ерекше шыққан туынды авторларына Қазақстан-Қытай мәдени алмасуының Жас елшісі атты сертификаттар табыс етілді.
Диляра Рахимова, балалар жазушысы,
- Көктем келіп, екі елде де өздерінің мейрамдары өтіп жатыр. Сол мерекеге орай осындай іс-шаралар екі елдің байланысын нығайтады деп есептеймін. Өйткені сурет арқылы, балалар арқылы біз өз достығымызды, екі елдің бір-біріне деген қарым-қатынасын көрсетіп, осындай достық мерекесін өткізіп жатырмыз.
Шара барысында қазақ-қытай балалары ұлттық аспаптарда ойнап, өнерін көрсетті. Жас күйшілер домбыра шертіп, қытайша әндер айтылды. Айта кету керек, бұл биылғы Наурызнама аясындағы алғашқы іс-шара.
Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын