Алматыда халықаралық байқаушылар референдумға оң пікір білдірді
Республикалық референдум күні ел бойынша 359 халықаралық байқаушы дауыс беру барысын қадағалады. Соның ішінде Түркия мен Қырғыз елінің байқаушылары да бар.
Бүгін олар Алматыдағы референдум учаскелерінің жұмысы туралы арнайы брифингте оң бағасын берді. Байқаушыларға референдумды ұйымдастыру деңгейі, дауыс берушілердің креативті идеялары ұнаған. Түркия республикасы Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты Махмут Өзер: «Кешегі референдум ашық әрі заң аясында өтті», - дейді. ТМД-ның байқаушылар миссиясы құрамындағы Қырғыз елінің өкілдері де тәртіп бұзу фактісі тіркелген жоқ дейді.
Махмут Өзер, Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты:
- Біздің әрбір байқаушымыз таңғы сағат 7:00-ден кешкі 8:00-ге дейін жұмыс істеді. Алматыдағы 10 референдум учаскесін аралап, процестің белгіленген ережелерге сәйкес жүзеге асып жатқанына бақылау жүргізді. Ешқандай заңбұзушылық болмады, дауыс беру ашық әрі заңды өтті.
Турусбек Ногоев, Қырғыз Республикасы сайлау және референдум жөніндегі комиссияның арнайы өкілі:
- Біз Алматы қаласының екі ауданындағы 11 референдум учаскесінде болдық. Дауыс бершілердің белсенділігі жақсы болды. Кеше ешқандай ірі заңбұзушылықтарды байқаған жоқпыз.