«Астана жастары» орталығының еріктілері тұрғындарға тәтті бауырсақ таратты
Елімізде «Наурызнама» мерекелік онкүндігі жалғасып жатыр. Дәстүрлі мереке аясында Астанада күн құрғатпай түрлі шара өткізіледі.
Бүгін «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері қала тұрғындары мен қонақтарына тәтті бауырсақ таратты. «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтерлары қала тұрғындарына ыстық бауырсақ үлестіріп, қайырымды іс жасады.
Қыстың ызғары кете қоймаған салқын күнде тұрғындарға осылайша ерекше жылылық сыйлады. Наурызнаманың онкүндігі аясында өткізілген «Бауырсақ біріктіреді» акциясы осылайша сәтті өтті.
Айана Құрмантай, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтеры:
- Астана қаласының тұрғындарын көктемнің жылышуақты күнінде «Астана жастары» волонтерлары болып, наурыз мерекесі қарсаңында қайырымдылық акциясын жасап жатырмыз. 100 адамға осындай тәтті бауырсақ таратып, көңіл-күй сыйлауды жөн көрдік. Бұл біздің астанаға келген көктемді одан сайын жылыта түседі деген сенімдеміз.
Бауырсақ – қазақтың ежелден қасиет тұтқан дәстүрлі тағамы. Бұл тағамды әжелеріміз ең қадірлі және мейірімді қонақтарына ғана тартқан. Атаудың өзі қазақ тіліндегі «бауырласу, бауырым» деген сөзден шыққан. Тәтті бауырсақтан дәм татқан тұрғындар еріктілерге ерекше алғысын жеткізді.
Айта кетейік, Наурызнаманың онкүндігінде Астанада 200-ден астам ауқымды іс-шара ұйымдастырылмақ. Бас шаһардың тұрғындары мен қонақтары мәдени құндылықтарды насихаттауға бағытталған түрлі шараға куә болмақ.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Асхат Қарақойшиев