Наурызнама: Бүгін – Шаңырақ күні

Бүгін – елдегі Наурызнама онкүндігі бойынша Шаңырақ күні. Отбасылық құндылықтарды насихаттап, бірлік пен татулықты дәріптейтін күн.

Қазақта "Қара Шаңырақ" қасиетті мәнге ие. Мереке Астанада мазмұнды шаралармен айшықталып жатыр. Әсіресе зейнеткерлер отбасы институтын нығайту және салт-дәстүрді жаңғыртуға мән береді. Олардың қатарында отау құрғанына жарты ғасырдан асқан ерлі-зайыптылар бар. Көнекөздер берекелі шаңырақ құру құпияларымен бөлісті. 

Еңбек ардагері Қалибек Алтыбаев өз немере-жиендері мен шөберелерін білім-ғылымға, ұлтжандылыққа баулып келеді. Зайыбы Дәметкен Қосылбаевамен шаңырақ көтергеніне жарты ғасырдан асты. Екеуі де Зайсан өңірінің тумасы. Осы аралықта талай тарихи кезеңді өткеріп, қайғы мен қуанышты қатар еңсерді. Отағасы ұзақ жыл ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен. Қызметімен қоса, шығармашылығын тастамады. Қолы қалт етсе, Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды тұлғалардың бай мұрасын зерттеп, 30-ға жуық жинақ басып шығарды. 

Қалибек Алтыбаев, зейнеткер:

- «Қандай үлгі қалдырдың ұрпағыңа, жағымсыз боп кеттің бе жұртқа мына?! Әлде ізгі істерің ұлыланып, әр жүрекке қалдың ба орын алып?», - дейді. Өмірге келгеннен кейін туған жерге, туған елге бірдеңе қалдыру керек қой. Міне, осындай жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Сексеннің үшіне аяқ басып бара жатырмын. Апаларың болса, міне, сексенге таяп келе жатыр. Құдайға тәубә, қол ұстасып келе жатырмыз.

Ал зайыбының кәсіби мамандығы – есепші. Ол да кеңшарда тұрақты еңбек еткен. Екеуі 5 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Балалары білім-ғылым, бизнес, құқық және әскери қызмет салаларының маманы атанды. Бүгінде олардан 8 немере, 3 шөбере сүйіп отыр.

Дәметкен Қосылбаева, зейнеткер:

- 57 жылда қатты ұрсысып, біз бірер күн араз боп қалған күніміз болған жоқ. Сөйлесіп кетеміз. Енді түсінбестік болады ғой, семья болғаннан кейін. Балаларға ұрысып көрген жоқпыз. Бір келінім бар, оған бәрін айтып отырамын. Ол бала ақылды өзі, білімді. Ол да үш баласын тәрбиелеп отыр.

Зейнеткерлер ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртты

Ақсақал мен кейуана қоғамдық шаралардан әлі күнге қалыс қалмайды. Әсіресе, белсенді ұзақ өмір сүру орталығына жиі барады. Мекеме биыл да наурызнаманың әр күнін мазмұнды шаралармен айшықтап жатыр.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Беу, ғаламат! Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында ата-әжелеріміз қазақтың ерулік дәстүрін насихаттап жатыр.

- Әже, айтыңызшы, ерулік дәстүрінің маңызы қандай?

Ақбөпе Айтмағамбетова, зейнеткер:

- Бұл – қазақ халқында ежелден бері келе жатқан дәстүрлердің бірі. Ол жаңадан көрші көшіп келгенде бұрыннан тұрып жатқан ауылдың адамдары қонаққа шақырады кезектесіп. Өйткені ол ешкімді танымайды. Келген адамдар көршімен таныссын, біліссін, жатырқамай, жатсынбай, араға сіңсін деген сөз бұл.

Алыстағы ағайынның емес, жақындағы көршінің тайы озғанын қалайтын қазақ үшін еруліктің орны, расымен, ерекше. Бұл қонақжайлықты ғана емес, әр шаңырақтың берекесін аңғартады. Орталықта зейнеткерлер мәдени демалыспен шектелмей, осылай ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртуға және отбасы институтын нығайтуға ықпал етіп жүр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Санжар Біргебаев