Елордада «RES 2026 EXPO» көрмесі өтеді

Елордада 22-24 сәуір аралығында Өңірлік экологиялық саммит өтеді.

Саммит Орталық Азия елдерін климаттық және экологиялық мәселелер төңірегінде ортақ шешімдер қабылдау үшін бір алаңға біріктіреді. Халықаралық жиын шеңберінде "RES 2026 EXPO" жасыл технологиялар мен орнықты шешімдер көрмесі ұйымдастырылады. Оған әлемнің отыздан астам елінен 300-ге тарта компания қатысады деп жоспарланып отыр. Көрме бизнес, мемлекеттік құрылымдар мен қоғам өкілдерін бір ортада тоғыстырып, экологиялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Саммитте климаттық өзгерістерге бейімделу, табиғи ресурстарды тиімді басқару, азық-түлік қауіпсіздігі, ауа ластануымен күрес және қалдықтарды басқару түйткілдері талқыланады. Оған қоса өңірлік экожүйелерді сақтау, жасыл экономикаға көшу және экологиялық-цифрлық құзыреттерді дамыту сынды тақырыптар қаралады. Шараға шамамен 1500 делегат қатысады.

Сәкен Қалқаманов, халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының басқарма төрағасы:

- Орталық Азия аймағының 5 мемлекеті қатысады, 5 басшы қатысады. Әзербайжан, Армения, Монғолия деген елдер қатысуы керек. Қазір климаттың өзгеруі әсіресе Орталық Азияға әсерін беріп жатыр. Бізде мұхит, үлкен теңіз жоқ. Сондықтан қыс қатты болып, жаз ыстық болып, су тапшылығы пайда болып жатыр. Сол проблемаларды шешуге 5 елдің күші біріктіріледі.