Атырауда 37 отбасы баспаналы болды

Атырауда «Наурызнама онкүндігі аясында белгіленген «Шаңырақ» күні 37 отбасы баспаналы болды.

Оның ішінде көп балалы, мүгедектігі бар бала бағып отырған отбасылар мен жетімдер үйінің тәрбиеленушілері бар. Қазір облыс орталығында 30 мың отбасы пәтер кезегінде тұр. Оларға мемлекеттік бағдарлама арқылы жыл аяғына дейін 800 пәтер беріледі. 

Баспаналы болғандардың ішінде көп балалы Мақсотовтар отбасы да бар. Әсіресе бүгін 10 жасар Қайсардың қуанышында шек жоқ. Бұған дейін аға-әпкелерімен жалдамалы үйде қысылып келген Қайсардың енді өз бөлмесі бар.

Қайсар Мақсотов, мектеп оқушысы:

- Мына бөлмеде ағаммен бірге тұрамын. Күшті етіп аламыз, осы жерге диван қоямыз, осы жерге көрпе қоямыз. Бұрын бөлмем болған жоқ. Қазір осы бөлме ұнап тұр, маған қатты ұнап тұр!

Мақсотовтар әулеті бұған дейін айына 150 мың теңгеден үй жалдап жүрген. Отанасы Саида Жамилова 5 баланы бір өзі тәрбиелеп келеді. Оның үлкені бала жастан мүгедек. Осындай себеппен мемлекеттік бағдарламаға енген отбасы бүгін 3 бөлмелі пәтерге қол жеткізді. Енді «Шаңырақ» күні шаттыққа кенелген Саида бала-шағасымен Ұлыстың ұлы күнін жаңа да, жәйлі баспанада тойлайтын болды.

Саида Жамилова, көп балалы ана:

- 2014-те кезекте тұрдым, инвалид баламен. Кезекке тұрып, күтіп бұйырса енді алып жатырмыз енді. Өте қуаныштымыз жақсы болып жатыр. Жалдап келіп едік үйді. Осы енді жеттік-ау деп жатырмыз.

Бүгін 37 отбасына жаңа пәтерлердің кілті табыс етілді. Былтыр осындай 190-ға жуық жанұя жаңа қонысқа көшірілген болатын. Жалпы, Атырау қаласы бойынша 30 мыңға жуық адам пәтер кезегінде тұр. Олар 8 санатқа жіктеліп, мүмкіндіктеріне қарай жалдамалы, немесе, несиеге берілетін пәтерлермен қамтылмақ.

Тілек Махуов, Атырау қаласы әкімінің орынбасары:

- Алдағы 2026 жылғы жоспарымызда тағы да осындай шаралар ұйымдастырылады. Қазіргі есеп бойынша 200 пәтер дайындап жатырмыз. Түрлі бағдарламалар аясында. Облыстық, жергілікті бюджеттен қарастырылады. Көп балалы бар, жетімдер бар, 1-2 топ мүгедектері бар. Сосын Отан соғысына қатысқандарға теңестірілген азаматтар бар.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Осы жылдың аяғына дейін тағы 800 пәтер пайдалануға берілетін болады. Оның 200-і осындай жалдамалы, ал 600-і несиелік пәтерлер, дейді жергілікті билік өкілдері. 

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин