Биыл бес облысқа қарасты 28 аудан мен бір қалада тасқын қаупі жоғары

Бұлар – Солтүстік пен Шығыс Қазақстан және Ақмола, Қарағанды, Абай өңірлері. Сонымен қатар Петропавл қаласы бар. 

Мәлімет Су ресурстары және ирригация министрлігінің Talsim-NG бағдарламасы негізіндегі Tasqyn ақпараттық жүйесінен алынған. Құзырлы органдар сақ отырғандарын айтады. Екі жыл бұрынғы елдің есін алған тасқын шенеуніктердің есін жиса керек. Олар 130 елді мекенді 17 мәрте ұшып өткен. Аэровизуалды тексеру әлі жалғасып жатыр. Оның сыртында қорғаныш бөгендері тұрғызылып, дренаж жүйелері, арналар мен арықтар жаңғыртылып, көлік және теміржол қатынастарында су өткізу инфрақұрылымдары пысықталды. Нәтижесінде 234 ауылда сақтық деңгейі артқан. 736 елді мекенде су басу қаупі азайтылған. Ал егер көрші елдерден нөпір су келе қалса, оған да қам жасалып қойыпты.

Нұрлан Алдамжаров, ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі:

- Үлкен су қоймаларымыз негізінен өзен арнасында орналасқан. Негізінен бізде тасқын судың көлемі келген кезде су қоймаларда бос сыйымдылық 15 млрд м3 көлеміміз бар. Сондықтан келген суды су қоймалардан төменгі ағысқа қарай ешқандай қауіпсіз ағызуға бізде мүмкіндік бар.