Түркістан облысында Наурыз мейрамы тойланып жатыр

Түркістан облысының Сайрам ауданында Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мейрамы кең көлемде тойланып жатыр. 

Таңмен таласа тұрған көпшілік «Қош келдің, әз-Наурыз!» мерекелік іс-шарасын тамашалау үшін аудан орталығына жиналды.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Сайрам ауданының орталығы Ақсу ауылындамыз. Мұнда 30-ға жуық ақшаңқан киіз үй тігілген. Аудан тұрғындарының барлығы ұлттық киім киіп, Наурыз мейрамына ерекше дайындықпен келгендері байқалады. Ауа райы сәл бұлтты болғанымен халықтың көңіл күйі көтеріңкі.

Жиналған жұрт жергілікті шеберлердің қолынан шыққан түрлі бұйымдарды тамашалап, халқымыздың салт-дәстүр, бай мәдениетімен қауышты. Ал қылқалам шеберлерінің алуан түспен көмкерілген туындылары  көздің жауын алады. Ұлттық тағамдар көрмесінде аспаздар бүгінде ұмыт бола бастаған ұлттық тағам түрлерін қайта жаңғыртып, көпшілік назарына ұсынды. Мың бұралған бишілер мен әннен шашу шашқан әншілердің өнері наурыз тойына жиналған халықтың ұлттық мейрамға деген құрметін одан сайын арттырды. Арқан тартыс, қазақша күрес, қошқар көтеру, асық ату сияқты ұлттық ойындар көпшіліктің қолдауына ие болды. Мерекеде бұқаралық спорттық шараларға ерекше мән берілді. Осылайша, ұлттық мерекеде салт-дәстүріміз салтанат құрып, тарихымыз бен құнды мұраларымыз дәріптелді.

Көктем мен жаңарудың жаршысы болған Наурыз мейрамы аясында бүгін кешке аудан өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концерт өтеді. Ал Наурызнама онкүндігі аясында ұйымдастырылатын шаралар Сайрам ауданында ертеңде жалғасады.