Қостанайда Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік шара басталды
Қостанайда Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік шара таңғы сағат 10:00-ден басталды. Орталықта киіз үйлер тігіліп, жиналған жұртқа концерттік бағдарлама, салт-дәстүрді көрсететін қойылымдар ұсынылды.
"Соның ішінде көпшілікті қызықтырғаны жасанды интеллект, ақпараттық технологияға негізделген киіз үй құрылымы", – дейді өңірдегі тілшіміз Мағауия Қалиев.
Қаз қатар тізілген киіз үйлер, ас қамдаған ақ жаулықты әжелер, дастархан басында ақыл-кеңес құрған ақсақалдар, ән айтып, әзілдескен қыз-жігіттер. Бір сөзбен айтқанда, Қостанайдағы мерекелік шарада жаңару мен ниет тазалығы, ата-баба дәстүрі мен өсиетіне деген адалдық айқын көрініс тапқан. Ұрпақтар сабақтастығы үйлесім тапқан осы мерекеде ескінің көзіндей болған әдеби, мәдени мұрамыз, бүгінгі ақпараттық технологиямен ұштасып жатты. Мысалы, мынау киіз үйге кірсеңіз, цифрлық әлемге тап болғандайсыз. Кірген бетте, сізді адам емес,қ ұттықтау ән айтып, құлтемір қарсы алады.
Ал мына тұста роботтар асық ойнап, арқан тартысып, өзара сынға түсіп жатыр. Осының бәрі Қостанайдағы балалар шығармашылық үйінің тәрбиеленушілері жасаған.
Әділет Оспанов, облыстық Балалардың техникалық шығармашылығы мектебінің педагогы:
- Балалар цифрлық технология арқылы салт-дәстүрімізге, әдет-ғұрыпқа жақсы қанығады.
Қостанайда бүгінгі мерекелік бағдарлама түннің бір уағына дейін жалғасады. Құрыш білекті жігіттер қол күресі, арқан тарту, қой көтеру сынды сайыстарда өзара мықтыны анықтайды. Соңы Наурыз-думан мерекелік концертімен түйінделеді.