Шымкентте Қошқар ата өзенінің бойы тазартылды

Шымкентте «Тазару күніне» орай табиғат-ананы түлетуге бағытталған берекелі іс басталды. Республикалық эстафета аясында қала жұртшылығы көше тазалығына білек сыбана кірісті.

Сонымен қатар ағаш көшеттерін егіп, көгалдың күтімін жасады. Өңірдегі әріптесіміз Нұрсұлтан Мұхамеджан да игі істің басы-қасында жүр.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Экологиялық акцияның Ордабасы алаңында өтуі кездейсоқ емес. Себебі мұнда қазақ бірлігі үшін тағдырлы байлам жасаған үш бидің атындағы көшелер тоғысады. Ал осы маңдағы бұлақ көздерінен бастау алатын «Қошқар ата» өзені - тазару мен жаңарудың нышаны.

Экологиялық мәдениетті ту еткен шараға еңбек ардагерлері мен ерікті жастар, белгілі спортшылар мен танымал тұлғалар үлес қосты. Өзен жағалауын ретке келтіру үшін ағаштардың түбі қопсытылып, қураған бұтақтары кесілді. Жаңадан жүздеген түп тал-терек егілді. Науқанға қатысушылардың айтуынша, қаланың ажарлануына әр адам үлес қосуы керек.

Арман Оспанов, аралас жекпе-жек спортының шебері:

- Көктем келді, шуақ келді. Ел жаңарып жатыр деген мақсатта осындай іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Біз осындай іс-шараларға әрқашан дайынбыз. Өйткені әрбір адам өзінің ауласын тазартса, өзінің жүрегіндегі ниетін таза ұстаса, қазақ елі, қоғам тазарады деген ойдамыз. 

Тазалық акциясына «Эконай» мен «Экобек» атты кейіпкерлер де қатысты. Олар қала тұрғындарына экологиялық мәдениет туралы ақпараттық парақшалар таратып, табиғатты аялауға үндеді. Экологиялық қозғалыстың символына айналған еріктілер көпшіліктің назарын аударып қана қоймай, игі іске бастама көтереді.

Дүйсен Құлтілеуов, қалалық Экология департаменті басшысының орынбасары:

- Индустриалды аймақтарда пластикалық қалдықтарды өңдеу, картон-қағаз қалдықтарды өңдейтін зауыттар ашылып, жұмыс жасауда. Жалпы мұнымен айналысатын мекемелерге біздің экологиялық минстрлік тарапынан жеңілдіктер, субсидиялар бөлініп жатыр. Біздің ұсынысымыз бойынша, қала әкімдігімен жалпы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында шыны қалдықтарын, пластик қалдықтарын, қағаз қалдықтарын бөлек жинайтын контейнерлер орнатылып жатыр.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- «Қоршаған ортаны қорғау мәселесіне қоғам болып жұмылу керек. Сонда ғана экологиялық ахуал жақсарады», - дейді ұйымдастырушылар. Осы мақсатта өңір кәсіпкерлері салаға инновациялық технологияларды енгізуге ерекше мән бере бастады.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов