Қарағанды облысында 10 мың адам тазалық акциясына қатысты

Қарағанды облысында Наурызнама онкүндігі аясында барлық қала және аудандарда 10 мың адамның қатысуымен «Тазару күні» акциясы өтті. 

Кең ауқымды экологиялық шараға мемлекеттік қызметшілер, қоғамдық ұйымдар, студенттер және белсенділер қатысты. Олар саябақтар мен гүлзарларда қыс бойы жиналған қоқысты тазалап, көшені сыпырды.

Мереке күніне қарамастан қалалар мен ауыл-аймақта тазалық акциясына шыққан халық көп. Қарағандының өзінде үш мың адам гүлзарларды ретке келтіріп, тротуарларды тазартты. Қыс бойы жиналған қоқыс арнайы техниканың көмегімен қала сыртына шығарылды.

Азамат Тайжанов, облыс әкімінің орынбасары:

- Наурыз мейрамы ежелден келе жатқан табиғаттың жаңаруы және адамның рухани тазаруын білдіретін мереке. Бұл мереке табиғаттың тазалығын сақтауға үндейді. Қыстан көктемге шығып, табиғаттың жаңа өмір бастау күні. Осы мерекеге орай облыс аумағында «Тазару күні» экологиялық акциясы өтіп жатыр. Бұл жердегі басты мақсат – облыс аймағын тазарту және халықты тазалық принциптеріне баулу. 

Экологиялық акция аясында өңірдегі барлық қала және аудандарда осындай тазалық жұмысы жүргізілді. Оған 10 мың адам қатысты. Әсіресе жастар да игілікті істен істен шет қалмай, белсенділік танытты. Олар саябақтар мен көшелерді тап-тұйнақтай етіп қана қоймай, қарттар мен жалғызбасты зейнеткерлердің аулаларын тазалап шықты. 

Гүлмира Баһадүр, экобелсенді:

- Бүгін біз сенбілікке шықтық. Қаламыздың таза болуы өзіміздің қолымызда. Біріншіден, табиғат-анамызды таза сақтау, ал екіншіден, осы экология өзіміздің өмірімізге де, денсаулығымызға да жақсы әсер етеді ғой негізі. Сондықтан да осындай тазалық жұмыстарын біз үнемі қолға алып жүреміз. 

Өңір бойынша «Тазару күні» 1500 гектар аумақ тазартылып, 30 мың тонна қоқыс шығарылды. Алдағы уақытта арнайы комиссия тазалық деңгейін бағалап, ең үлгілі аула мен мекемелерді марапаттайды. 

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит