Сергеев су қоймасы тасыды
Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев су қоймасы ернеуінен асты. Синоптиктердің мәліметінше, бөгет үстімен ағып жатқан судың деңгейі 8 сантимтерге жеткен.
Биыл гидрологиялық нысан 2,6 миллиарда текше метр су қабылдамақ. Қазір қардың күрт еруінен Есіл өзені мен салалары көтеріле бастады. «Бірақ бұл қауіпті меже емес», - дейді мамандар. Өңірде тасқынға байланысты 112 елді мекен бақылауға алынған. Өзен-көлдерде мұздың көбесі сөгіліп, қарқынды сең жүріп жатыр. Жедел әрекет ету топтары су басуы мүмкін аймақтарға жөнелтілді.
Қымбат Мерғалымова, «Қазгидромет» МКК ОФ директоры:
- Әзірге судың деңгейі қауіпті межеге жеткен жоқ. «Сергеев» қоймасындағы судың тасуы сәуірдің 19 мен 20-ы шарықтау шегіне жетеді деп болжанып отыр. Петропавлда Есіл өзені сәуірдің 10-на қарай көтеруі тиіс.