Мемлекеттік құпияны таратқандарға жаза күшейеді

Елімізде мемлекеттік құпияны таратқандарға жауапкершілік күшейеді. Бүгін төменгі палата тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Маңызды құжатта экстремистік және террористік мазмұндағы әдебиеттерді сақтауға тыйым салуды бекіту ұсынылып отыр. Бастама әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізуді көздейді. Енді заң аясында мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы талаптарды сақтау қатаң бақылауға алынбақ. Егер адам мемлекеттік құпияны сақтау талаптарын бұзғаны үшін жаза алып, соған қарамастан бір жыл ішінде сол талапты қайта бұзса, оған қосымша жауапкершілік қарастырылады.

Болат Керімбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бүгінгі таңда қарапайым азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауда интернет-қылмысқа қарсы тиімді күрес жүргізу жұмысы өте маңызды. Әр адамның жеке дерегінің, қаржысы мен күнделікті цифрлық өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету өзекті. Ал бұл қызметті тиімді атқару заманауи цифрлық құзырет пен аналитикалық дағдылары бар жоғары білікті кадрларсыз мүмкін емес. Сондықтан заң жобасында IT саласындағы талантты жастарды, қабілетті мамандарды арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тарту тетігі ұсынылады.