Алматыда студенттер экологиялық акцияға үлес қосты

Алматыда «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінде өтті.

Білім ордасының ауласы ретке келтіріліп, жасыл желекке күтім жасалды. Игі істі АMANAT партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты ұйымдастырды. Ұйым өкілдерінің айтуынша, мұндай тазалық жұмыстары апта сайын өтеді. Бүгінгі шараға 100-ге жуық адам қатысты. Биыл белсенділердің күшімен, жыл басынан бері қала аумағындағы саябақтар, скверлер, өзен жағалаулары мен, басқа да қоғамдық орындар ретке келтірілді. Нәтижесінде 1,5 тоннадан аса қоқыс шығарылды.

Аяулым Сманай, «Жастар рухы» жастар қанатының мүшесі:

- Жалпы «Таза Қазақстан» біз үшін тек тазалық акциясы емес. Күнделікті өмір салтымызға айналып келе жатыр. Яғни әр бейсенбі сайын, әр сенбі сайын қаламыздың көрікті орындарына барып, тазалық жұмыстарын жүргізіп келе жатырмыз.