Абай облысында 700 жігіт әскер қатарына қосылады
Абай облысында көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды. Осы жолы әскер қатарына 700-ге жуық азамат алынады.
Олар Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құрамалар қатарын толықтырады. Бекжан Ахметбек былтыр жоғары оқу орнын аяқтап, еңбек жолын бастап кеткен. Өзін болашақта театр мен кино саласында көреді. Дегенмен азаматтық борышын өтеуді кейінге қалдырғысы жоқ. Әскерге шақырту алған сәттен бастап бірден қорғаныс істері жөніндегі департаментке келген.
Бекжан Ахметбеков, әскерге шақырылушы:
- Шынымен айтқанда, шығармашылық жағына бет бұрғаннан кейін өзіме қызық болып тұр. Болашақта мүмкін спектакль, кино, сол жаққа барғанда мүмкін тәжірибе керек болатын шығар.
Ал 20 жастағы Айдын Ерланбек Қытайдан келген қандас. Жас жігіт әскери өмірді нағыз тәрбие мектебі деп санайды. Әскер – өмірдің алғашқы үлкен сабағы. Мұнда көп нәрсе үйреніп, тәжірибелі азаматтардың ақыл-кеңесін аласың», – дейді ол.
Айдын Ерланбек, әскерге шақырылушы:
- Меніңше, өмірдің бірінші сабағы әскерде болады. Әскерде ойың ашылады, көп нәрсені білесің. Ақыл сөзді білесің. Көп көргеннен емес, білгеннен сұра дейді. Бұл кісілердің тәжірибелері бар. Ол кісілер бізге айтады, біз сол тәжірибені аламыз.
Қазір әскери комиссия құрамында 12 дәрігер бар. Әскерге баратын әр жігіт арнайы медициналық комиссиядан өтіп, жіті тексеруден кейін қызметке жарамды деп танылады. Бұл болашақ сарбаздардың әскери өмірге толық дайын болуын қамтамасыз ететін маңызды талаптың бірі.
Нәзима Абданова, облыстық Әскери комиссияның аға дәрігері:
- Әсіресе, бізде көз аурулары, миопия көп. Ол неге көп? Қазір телеарнаны көп қарайды, смартфонда көп отырады. Екіншіден, бізде әлі күнге дейін майтабан кезігеді. Омыртқа қисаюы, сколеоз болады. Одан кейін неврологиялық аурулар кезігеді. Негізінде ата-аналар жас кезінен балаларды тексерістен өткізуі қажет.
Қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілдерінің мәліметінше, әскери қызметтен өткендерге түрлі мүмкіндіктер қарастырылған. Мысалы былтыр Отан алдындағы борышын өтеп келген 40-қа жуық сарбаз тегін жоғары білім алу үшін грантқа ие болды. Сонымен қатар мерзімді әскери қызмет барысында үздік нәтиже көрсеткендерге қосымша жеңілдіктер беріледі.
Руслан Омаров, Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы:
- Былтыр ғана Шекара қызметінің әскери бөлімдеріне мерзімді әскери қызметке жолдағанбыз. Кеше ғана маған хабар келіп отыр, солардың ішінде 7-і сертификат иесі болды. Яғни түрлі ЖОО-ларға түсуге мүмкіндік алды. Біздің жастарымыз қазіргі таңда әскери қызметті міндет емес, мүмкіндік ретінде көріп отыр. Ең бастысы ар, намыс, халқымызға қызмет ету сияқты оймен жастарымыз көп. Оң динамика деп айта аламыз.
Елде әскерге шақыру тек қағаз түрінде емес, SMS хабарлама немесе электронды үкімет порталы арқылы да жіберіледі. Белгіленген мерзімде дәлелді себепсіз келмегендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал әскерден қасақана жалтарғандарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков