ЖИ алаяқтықтың жаңа құралына айнала ма?

Интернет алаяқтары жасанды интеллектіні алдаудың жаңа құралына айналдырып жатыр.

Олар жасанды зерденің көмегімен дауыс немесе бет-бейненің көшірмесін жасап, тұрғындарға туыс-туғаны ретінде байланысқа шығуы мүмкін. Дип-фейктерден қалай қорғануға болады?

Биыл елде 4 мыңнан астам тұрғын кибер-алаяқтардың әрекетінен зардап шекті. Тіпті 3 жарым млрд теңге шығынға батты. Бұл қалай? - дерсіз. Аңдамағанның көбі заңсыз несие рәсімдесе, тағы бір бөлігі шотына жинаған қаражатынан айырылды. Құзырлы органдар да интернет-алаяқтармен күресті жан-жақты күшейтіп жатыр. Жедел шаралардың арқасында 3,5 млрд теңгенің 60%-ы қайтарылды.

Евгений Питолин, Qaztech Альянсы ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары:

- Ескертулерге қарамастан, мұндай алаяқтық деректері арта береді. Неліктен? Себебі оларда цифрлық анонимділік пен байланыссыз әрекет ету мүмкіндігі бар. Қылмыскерлер барлық процесті автоматтандырып алған. Бір сөзбен айтқанда, техникалық кедергілер аз. Мұндай қылмыста тапсырыс берушілер мен ұйымдастырушыларына қатысты жаза бұлтартпастай болуы керек. Кейінгі кезде алаяқтықпен күрес жұмыстары нәтиже беріп жатыр. Алайда елден тыс мемлекеттерде орналасқан топтарды жауапқа тарту әлі де үлкен мәселе.

Биыл кибералаяқтық фактілері бойынша 900-ден астам адам жауапқа тартылды. Ішкі істер министрлігі дропперлерге қатысты қылмыстық жауапкершілік енгізілгелі 400-ден астам істі тіркеді. Алайда алаяқтар күн сайын тұрғындарды алдаудың жаңа тәсілдерін ойлап табады.

Ырысты Жәлелханова, ҚР ЖИЦДМ Дербес деректерді қорғауды дамыту басқармасының басшысы:

- Заңнама алаяқтық схемаларға ілесе алмай отыр, себебі алаяқтар жаңа технологиялар мен цифрландырудың жаңа әдістерін қолданады. Азаматтардың бізге және Ішкі істер министрлігіне жолдаған өтініштері негізінде байқағанымыз – жаңа тәсілдердің бірі жасанды интеллектті қолдану. Адамның дауысын алмастыру, дипфейктерді пайдалану, бет-бейнені өзгертіп, бейнеқоңырау арқылы алдау әдістері кеңінен қолданылады.

Әрине, кибер алаяқтардың заңсыз транзакцияларына тосқауыл қою, пайдаланушылардың жеке деректерін қорғауды банктер де басты назарда ұстап отыр. Бірлескен іс-қимылдарды бағамдау үшін алдағы сәрсенбіде Астанада банктердің топ-менеджерлері, финтех-компаниялар, реттеуші органдардың өкілдері мен киберқауіпсіздік сарапшылары бір алаңға жиналады. Тараптар алаяқтарға қарсы тұру жолдарын тағы да пысықтайды.

Авторлары: Рухани Әбдірахман, Сәния Көпжосарова