БҚО мектептерінде жаңарту жұмыстары қалай жүріп жатыр?
Батыс Қазақстан облысында 80-нен астам мектепке жөндеу қажет. Көбінің іргетасы жарты ғасыр бұрын қаланған. Оған қоса, 8 білім ошағы апатты күйде тұр.
Ынтымақ ауылындағы білім ошағы кезінде жатақхана болған. Іргетасы жарты ғасыр бұрын қаланған мектепте қазір 60 бала оқиды. Білім ошағына осы уақытқа дейін бірде-бір рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Шағын жинақты мектепте сынып бөлмесі де жетіспейді.
Гүлдана Оразақаева, мектеп директоры:
- Балаларға дейтін арнайы кабинеттер жоқ. Зертханалық кабинеттер жоқ, жабдықталмаған. Өйткені талапқа сай емес. Екіншіден, балаларға спорттық жаттығулар жасайтын спорт зал жоқ. Балалар оны бір кабинетте ғана ұйымдастырады. Екіншіден, акт залы жоқ.
Осындай олқылық өңірдегі өзге де мектептер де кездеседі. Мәселен, екі мыңға жуық оқушысы бар нөмірі 32 мектепте күрделі жөндеуді қажет етеді. Әсіресе, инженерлік желілері тозып тұр.
Қымбат Рахымбердина, мектеп директоры:
- Мектептегі жылу құбырлары қатты ескірген. Кейде жарылып, әбігерге салады. Ондай жағдай да мектепті жауып, жөндеу жұмыстарын жүргіземіз.
Ал жауаптылар осы мектепті биыл күрделі жөндеуден өткізетінін жеткізді. Қазір өңірде 86 білім ошағы жаңартуды қажет етеді. «Бірақ бәрін бір мезетте жөндеу мүмкін емес», - дейді мамандар. Сондықтан бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілмек. Былтыр аймақта 6 мектеп жөндеуден өтті.
Дамир Ғалиев, БҚО Білім басқармасының бас маманы:
- Біз осы жылы 33 мектепті жөндеуді көздеп отырмыз. Оның 16-сы күрделі, қалғаны ағымдағы жөндеуден өтпек. Құрылыс жұмыстары оқу жылы аяқталғасын басталады. Келер жылы тағы 47 нысан жаңартылады деген жоспарымыз бар.
Ал аймақтағы апатты мектептер әлеуметтік-инвестициялық жобалар есебінен шешілмек. Биыл Қаратөбе, Тасқала және Жәнібек аудандарында жаңа білім ошақтары салынады. Қалған мектептер келер жылы бой көтереді деп көзделіп отыр.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Альбина Кумаргалиева, Эльдар Аюпов