Chery Kazakhstan Паралимпиада чемпионы Е. Хамитовқа көлік сыйлады

Astana Motors компаниясы мен Chery Kazakhstan Паралимпиада құрамасын ресми құттықтады. 

Отандық спорттың дамуына үлес қосып жүрген спортшылар мен жаттықтырушыларға 5 миллион теңгеден ақшалай сертификат табыстады. Ал Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитовқа Chery Tiggo 7 автокөлігін тарту етті. Айта кетейік, Ербол Хамитов Chery брендінің амбассадоры. 

Ербол Хамитов, Паралимпиада ойындарының чемпионы:

- Бізге осындай көлік сыйлағаны үшін өте қуаныштымын, Нұрлан Смағұловқа көп-көп рақмет және барлық осы Ұлттық паралимпиада комитетіне алғыс айтамын. Барлық спортшыларды қолдауы біз үшін үлкен мәртебе. Бізге үлкен мотивация. 

Паралимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы парашаңғы жарысы мен парабиатлон бойынша бақ сынады. Команда сапында жеті спортшы өнер көрсетіп, Ербол Хамитов 4,5 шақырымдық парабиатлонда тарихи алтын медаль жеңіп алды. Chery Kazakhstan компаниясы болса екі жылдан бері ұлттық комитетке әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді.

Айгүл Темешова, Chery Kazakhstan дистрибуция маркетингі департаментінің директоры:

- Chery Kazakhstan және Astana Motors Ұлттық паралимпиада комитетін үлкен қуанышпен қолдайды. Бұл – біздің саналы ұстанымымыз. 2025 жылдан бастап жыл сайын 147 млн теңге бөліп отырмыз. Ал екі жылдағы жалпы үлесіміз 386 млн теңгені құрайды.

Astana Motors және Chery Kazakhstan алдағы уақытта да паралимпиада спортын дамытуға және қоғамдағы инклюзия мәдениетін нығайтуға арналған әлеуметтік қолдауын жалғастырады. 

Авторлары: Аршын Кемелжан, Айдос Қалиев