Заңсыз қару айналымына тосқауыл күшейді
Суық қарудың заңсыз айналымына тосқауыл күшейді. Бас көлік прокуратурасы осы мақсатта кешенді шараларды қолға алды.
Тергеу амалдары күдіктілер тыйым салынған заттарды интернет-дүкендер арқылы сатып алғанын көрсеткен. Сондықтан Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат комитетімен бірлескен тексеріс басталды. Нәтижесінде отандық маркетплейстің суық қару жарнамасын орналастырғаны анықталып, ол әкімшілік жауапқа тартылды. Сондай-ақ әуежайлар мен теміржол вокзалдарында ақпараттық плакаттар мен баннерлер орналастырылып, тыйым салынған заттарды өз еркімен тапсыруға арналған жәшіктер орнатылған. Бас көлік прокуратурасы азаматтарға суық қаруды заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру қылмыстық жауапкершілікке, ал жарнаманы орналастыру әкімшілік жауапқа әкелетінін ескертеді. Ал суық қаруды, соның ішінде кастетті өз еркімен тапсырғандар қылмыстық жауаптан босатылады.