Вандализммен күрес күшейді
Жыл басынан бері бөтеннің мүлкін қасақана жойған немесе бүлдірген 800-ге тарта азамат жауапкершілікке тартылды.
Тәртіп сақшылары 160-қа жуық адамды әкімшілік қамаққа алған. Алайда заң күшейіп, жазаланып жатса да, вандализм дерегі азаяр емес.
Бұлар әсіресе қоғамдық орындарға өш. Мұндайда әкімшілік кодекстің 147-1 бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған. Көшелерде күні-түн бейнебақылау қамералары жұмыс істейді. Соның арқасында ұсақ бұзақылық жасаған 7,5 мың адам анықталып, жауапкершілікке тартылды. Оның 2 мыңға жуығы қамалған.
Азамат Құрымбаев, ҚР ІІМ ӘПК басқарма бастығының орынбасары:
- Әкімшілік және қылмыстық заңнамалармен, бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін, жеке жауапкершілік көзделгенін ескертеміз. Сондай-ақ ғимараттарды, өзге де құрылысжайларды, тұрғын үй-жайларды, ортақ пайдаланылатын орындарды, көліктегі және өзге де қоғамдық орындардағы мүлікті қорлау іс әрекеттері де әкімшілік жауапкершілікке алып келеді. Қазіргу уақытта әкімшілік айыппұл мөлшері 216 мың теңгені немесе 50 тәулікке дейін әкімшілік қамауды көздейді. Бір жыл ішінде қайталанған жағдайда, 30 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алып келеді.