Қоғамдық орындарда бетті тұмшалап жүруге болмайды
Қоғамдық орындарда аузы-мұрнын жауып, бетті тұмшалап жүруге болмайды. Елде осындай заң бар.
Яғни қоғамдық орындарда балаклава, маска, никаб, паранджа секілді адамның жүзін анық көруге кедергі келтіретін киімдерді киюге шектеу қойылады. Ал егер қызметтік міндетті орындау барысында, медициналық қажеттілікке қатысты немесе ауа райына байланысты бет-жүзді бүркеу қажет болса, онда бұл норма қолданылмайды. Айта кету керек, бұндай құқықбұзушылық жасағандарға ең әуелі ескерту беріледі, егер әрекет 1 жыл ішінде тағы қайталанса, онда 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды. «Әлемнің өзге елдерінде бұрыннан қолданылып келе жатқан бұл заң қоғамдық орындарға қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет», - дейді депутаттар.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қоғамдық орындарда камералар тұр. Адамның бетін байқау, ертең қылмыс болған жағдайда кім екенін анықтауға мүмкіншілік береді. Сонымен қатар өздеріңіз білесіздер, көптеген жерге құжат арқылы кіргізеді. Мысалы, мектепке біреудің ата-анасымын деп қара жамылып, басқа киім киіп немесе әскери маска киіп алып, көзін жауып, үстіне плащ жамылып алса, оны біз кіргізе берсек, не болады? Қоғам өте жақсы қабылдап жатыр. Дұрыс дейді.