Биыл Жаңаөзенде екінші оңалту орталығы халық игілігіне берілді
Әлеуметтік кешен «Самұрық-Қазына» қолдауымен ашылды. Бес жыл бұрын қордың бірыңғай қайырымдылық операторы – «Самұрық-Қазына Траст» қалада дәл осындай орталық ашқан.
Осы аралықта 1700 балаға емдік-сауықтыру қызметі тегін көрсетілді. Қазір ұйым қаржыландыруымен Ақтау мен Жаңаөзенде тағы бірнеше әлеуметтік жоба жүзеге асып жатыр.
«Ainala» оңалту орталығы ақпан айында ашылды. Ем алушылар күнделікті түрде гидромассаж, тыныс алу жолдары мен тірек-қимыл аппараты қызметін жақсартатын шараларды қабылдайды. Жүйке жүйесін тыныштандыратын бөлмеде жатып демалады. Тігін тігу, қыштан бұйым жасау өнерін үйрену арқылы қолдың ұсақ моторикасы дамиды. Мұның бәрі мүгедектігі бар балаларға оң әсер еткен.
Гүлбаршын Хансұлтанова, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:
- Менің қызым 10 жаста, ДЦП диагнозы бар. Емін алады, апайлары қарайды. Сол аралықта демалып, өзімізге де көңіл бөлетін уақыт болады.
Ал «Балақай» оңалту орталығына биыл 5 жыл. Қайырымдылық қор атынан орталыққа құны 2,5 млн теңге болатын логопедиялық құрал сыйға берілді. Дәл осы орталықтан қордың оңалту қызметін жүйелі түрде дамытатын ауқымды жобасы басталған. Қазір «Самұрық-Қазына» қаржыландыруымен елде 55 оңалту орталығы бар. Айта кетсек, Жаңаөзенде сырт пішіні ерекше спорттық кешен бар. 200-дей бала жаттығатын ғимаратты «Samruk-Kazyna Trust» қоры салып берген.
Әлфия Әдиева, «Samruk-Kazyna Trust» қайырымдылық қорының бас директоры:
- Қордың 10 жылдық тарихында осы Маңғыстау өңірінде біз 50-ден астам жобаны жүзеге асырған екенбіз. Бұл жобалардың барлығына 7,1 млрд қаржы жұмсалды. Қор Қазақстан бойынша 55 қамқорлық, аутизм, ерте араласу-оңалту орталықтарын ашқан болатын.
Жаңаөзенде қордың қаржылай қолдауымен орталық кітапхана салынып жатыр. Озық үлгідегі ғимарат қыркүйекте қолданысқа беріледі. Сонымен қатар жақында Ақтауда аутизм дертіне шалдыққан балалар үшін орталық ашылмақ.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев