G-Park салған «Вена» тұрғын үйінің тоз-тозы шыққан
Елордадағы G-Park құрылыс компаниясы салған «Вена» тұрғын үйінің тоз-тозы шыққан.
Жаңбыр жауса аула іші айдынға айналып, тұрғындар толарсақтан су кешетінін айтып, дабыл қақты. Балалары сазға батып, балшықпен ойнап жүр. Ал тұрғындардың бұл назына құрылыс компаниясы жауап бермеген. Амалы таусылған азаматтар біздің арнаға жүгінді.
Бас қаладан баспана алдық деп бөркін аспанға атқан тұрғындардың қуанышы ұзаққа созылмады. «Вена» тұрғын үйіне кіргелі кері кеткен мәселеден көз ашпаған. 2023 жылы пайдалануға берілгенгенімен, әлі күнге дейін нөсер кәрізіне қосылмаған. Жауын жауса болды үйдің маңы көл болады, дейді тұрғындар. Себебі әу баста G-Park компаниясы көппәтерлі бұл үйді шала күйінде тапсыра салған.
Мұндағы мәселе шаш- етектен. Базынасын айтқан тұрғындар осылай деп дабыл қағып отыр. Электр қуатының өзі уақытша жұмыс істеп тұр. Қайталап өшіп қала бергендіктен кей тұрғынның су жаңа техникасы істен шыққан. Тіпті тұрғын үйдің өзі жобадан ауытқыған. Әу бастағы он қабаттың орнына он екі қабат салынған. Өрт қауіпсіздігі талаптарға мүлде сәйкес болмай шықты. Бұл олқылықтар арнайы тексеріс барысында да анықталды. Амалы таусылған көршілер бірігіп, құрылыс компаниясын сотқа да берді.
Медет Ахметұлы, «Есіл» және «Сарайшық» аудандары инспекциялау бөлімінің бас маманы:
- Астана қаласының сәулет құрылыс мемлекеттік бақылау басқармасы мен Астана қаласы Жошы хан көшесі 13-үй мекен-жайында орналасқан осы Вена ТҮК-нің тапсырыс берушісіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүрзігілді. Осы тексеру нәтижесінде тапсырыс беруші Элит груп Астана ЖШС әкімшілік-құқықбұзушылық туралы кодексінің 118 бабы бойынша кінәлі деп танылып, осы бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Сонымен қатар 13 наурызда басқарма осы берген нұсқаманың орындалуын тексеру мақсатында тапсырыс бершіге қатысты тағы тексеру жүргізген. Элит груп Астана нұсқаманы орындамағаны белгілі болды. Осыған байланысты Элит груп Астана әкімшілік хаттама толтырылып сот қарауына жіберілді. Сот шешімі бойынша әкімшілік айыппұл салды. Тапсырыс берушіге қатысты мәжбүрлеп орындауға қатысты туралы талап арыз беру жұмыстары жүргізілді.
Ал біз материалды эфирге дайындау барысында G-Park құрылыс компаниясына осы мәселеге қатысты арнайы сұрау жібердік. Алайда компания өкілдері түсініктеме беруден бас тартты.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Мейірлан Алтынбек, Мұрат Әріпханов